01 ақп, 2024 сағат 14:10

ШҚО-дағы мектепте қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар жұмыс істеген

Фото: depositphotos.com

ШҚО-да мектепте қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар жұмыс істеген, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

"Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының прокуратурасы білім беру ұйымдарында еңбек кодексін бұзу фактілерін анықтады, яғни қылмыстық тарихы бар адамдар кәмелетке толмағандардың қатысуымен еңбек қызметін жүзеге асырды.

Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 3) тармақшасының талаптарына қайшы, аудандық мектепте бұрын қасақана қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған мұғалім мен 2 күзетші жұмыс істеді" - делінген хабарламада.

Сондай-ақ психиатриялық бұзылуларға байланысты "Д" есебінде тұрған 1 адам (көмекші персонал) балалардың қатысуымен қызметті жүзеге асырғаны анықталған.

"Прокуратура шаралары бойынша білім беру ұйымдарында жұмысына жол берілмейтін адамдармен еңбек шарттары бұзылды, кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Заңнамада көзделген шектеулері бар педагогтің кәсіби қызметіне рұқсат бергені үшін мектеп басшысы ӘҚБтК-нің 409-бабы 7-5-бөлігінің 5) тармағы бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды" - делінген ведомство хабарламасында.