Фото: primeminister.kz
Оқушыларға мектепке хиджаб киіп келуге болмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың хиджабқа қатысты жауабы қызу талқыға түсті. Шенеуніктің түсініксіз жауабынан жұрт оқушы қыздарға мектепке хиджаб киюге рұқсат етілді деп түсінген.
Бүгін Үкімет кулуарында журналистер Бейсембаевтан осы мәселенің соңғы нүктесін қоюды сұрады. Министр оқушылардың киіміне қатысты еш өзгеріс енгізілмегенін, балалар мектеп формасымен жүруі керек екенін атап өтті.
"Конституция бойынша Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ, бәрі заң аясында. Балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек", - деп мәлімдеді Бейсембаев.
Демек оқушыға мектепке хиджаб киіп келуге болмайды ғой деп нақтылады журналист.
"Бұйрық бойынша формамен мектепке келу керек. Мектепке келудегі мақсат – баланың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы. Енді көтеріп отырған мәселе (мектепте оқушылардың хиджаб киюі) мұны шеше ала ма? Бірінші кезекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуге міндетті. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауға міндеттіміз", - деп толықтырды министр.