19 шіл, 2020 сағат 15:08

Медициналық ЖОО-ларға жұқпалы аурулар туралы бағдарламаларды кіргізу керек – медицина маманы

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, белгілі медиаменеджер Бибігүл Жексенбаймен Instagram арқылы сұхбаттасқан, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ДДСҰ-да қызмет еткен Мақсұт Құлжанов осындай болжамымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы Вьетнам болсын, Қытай болсын тәртіпке қатты бағынатын халық. Ол жақта жазалау жүйесі де қатты. Үкіметтің айтқан қағидаларын ол жақтарда қатаң ұстанады. Ал Еуропаға келсек, ол елдерде жағдай басқаша. Демократиялық елдердегі менталитет басқа. Өз елімді жамандағаным емес, бірақ біздің елдің ішкі тәртібі аздау. Өзімізді де, жақындарымызды да ойламаймыз. Қазақ ғасырлардан келе жатқан әдет-ғұрыптарын сақтайды. Әлбетте ол дәстүрлер сақталуы керек. Бірақ әр нәрсенің өз орыны бар. Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «қашанғы тойлай береміз» деп айтып жатыр. Қазір прагматизмді қолға алып, өзімізді де, өзгені де ойлау керек», - деді Мақсұт Құлжанов. 

Профессордың айтуынша, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі кеңестік кезеңнен қалған. Ол тұста елде жұқпалы аурулар көп тарамай, көбінесе жұқпалы емес аурулар кең тараған.

«Артериалды гипертания, қант диабеті, семіздік, онкология аурулары... Яғни аурулардың 80-85 пайызы инфекциялық емес аурулар болды. Өткен ғасырдың ортасынан бастап инфекциялық аурулар азайып кетті. Кейбір ғалымдар тіпті «алдымыздағы 10-15 жылда инфекциялық аурулар арамыздан кетеді, медицина дамыды» деп те болжам жасайтын. Бұл болжам дұрыс болмай шықты. Инфекциялық аурулар қазір көбейіп келеді. Денсаулық сақтау жүйесінде «ұмытылған аурулар» деген термин бар. Кезінде болған ауру түрлерін халықпен бірге медицина жүйесі де ұмытып кеткен. Өйткені ол аурулардың саны азайды. Медицина университеттерінде бұл ауруларға мән бермеді. Сол ұмытылған аурулар біздің қоғамға, дүниежүзі бойынша қайтып келіп жатыр», - деді ол.

Мақсұт Құлжанов осы себепті жұқпалы ауруларға қазір көп көңіл бөлінуі керектігін жеткізді.

«Медицина университеттердің оқу бағдарламасына инфекциялық ауруларды зерттеу бағдарламаларын кеңінен кіргізу керек. Эпидемиологтарды қайтадан көбірек дайындау керек. Жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігерлердің санын да, сапасын да арттырған дұрыс. Жұқпалы ауруханалар саны да артуы тиіс. Қазіргі жағдайда осы мәселеге мемлекеттік деңгейде қатты көңіл аудару керек. Бұл – Қазақстан ғана емес, дүниежүзілік деңгейде алдыңғы орынға шыққан мәселе», - деді ол.