01 нау, 2021 сағат 10:24

Медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі 58,2 пайызға жетті

Әкімдіктер амбулаториялық-емханалық ұйымдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша іс-шаралар қабылдауы қажет.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Марат Шоранов медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына барғандар саны бір тұрғынға шаққанда 4,9 құрағанын атап өтті. Жоспар – 4,33 болған. Яғни, қажетті көрсеткішке қол жеткізілді. Алайда, 5 өңір атап айтқанда, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары нысаналы мәнге жетпеді.

«Өңірлерде әкімдіктер амбулаториялық-емханалық ұйымдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша іс-шаралар қабылдауы қажет»,-деді бірінші вице-министр.

Оның дерегінше, денсаулық сақтаудағы жеке инвестициялардың үлесі 40,3 пайызды құрады. Медицина ұйымдарының медициналық техникамен жарақтандырылуы 77 пайыз болса, медицина ұйымдары ғимараттарының тозу деңгейі 58,2 пайызға жетіп отыр.

«Кемшіліктер денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге, салуға және қайта құруға бұрын жоспарланған қаражатты короновирус инфекциясымен және оның салдарымен күресуге бағыттаумен байланысты», - деп түсіндірді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін ауылдық елді мекендерде 137 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу жоспарланған. 2021 жылы МЖӘ аясында салынатын 20 аурухананың 8-і мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ірі медициналық зерттеу орталықтарының құрылысын бастау көзделген.