20 қаз, 2020 сағат 15:20

Медициналық сақтандыру: Қате немесе артық төленген ақшаны қайтаруға бола ма?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың басында толыққанды іске қосылған болатын. Сақтандыру жүйесіне қате немесе артық төленген жарналарды қайтарып алуға болады. Бұл сұраққа «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Артық төленген ақшаны қайтарып алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына «төлемді қайтару туралы» өтініш жазу қажет. Төлем жасалғанын растайтын құжаттар (стандартты анықтама немесе төлем құжатының көшірмесі) өтінішке қоса жіберіледі. Мемлекеттік корпорация арызды келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде тексеріп, жарна мөлшерін, өсімақы бар-жоғын анықтайды. 

Содан соң өтініш төлем реквизиттерімен бірге Медициналық сақтандыру қорына жіберіледі. Қор артық немесе қате төленген ақшаны жеті операциялық күн ішінде Мемлекеттік корпорацияның есеп-шотына аударады. Қаржы қайтарылмайтын болса, оның себебін түсіндіретін мәліметтерді жолдайды», - деді қор филиалынан.

Мәлім етілгендей, қаржы мына жағдайларда қайтарылады:

- қате аударылғанда;

- артық төленгенде;

- төлемнің мақсатты коды қате көрсетілсе; 

- МТ 102 форматындағы төлем құжатында қате кеткен жағдайда;
- төлеушінің реквизиттері дұрыс көрсетілмесе;
- төлеуші немесе банк қаржыны бірнеше рет аударып жіберсе. 

Айта кетейік, қазіргі таңда сақтандыру төлемдері жайлы мәліметті «электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін Электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің қашан жасалғанын біле алады.