2020 жылдың 9 айында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиация желісі 1 647 ұшу орындады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде медициналық авиация мамандары 3 185 пациентке медициналық көмек көрсетіп, 3 684 медициналық қызметті жүзеге асырды. Оның ішінде 1 896 пациент тасымалданып, 188 науқасқа кеңес берілді. Сонымен қатар мамандар 128 ота жасап, 1 472 телемедициналық кеңес көрсетті. Осы кезеңде медициналық авиация донорлық органдарды тасымалдау мақсатында 2 рет ұшып шықты.
Медициналық авиация балалар патологиясы, жарақаттар, жазатайым оқиғалар және уланулар, акушерлік-гинекологиялық патология, қан айналымы жүйесінің аурулары, жаңа туған нәрестелер патологиясы және басқа да аурулар кезінде шұғыл көмек көрсету үшін аттанады.
Айта кетерлігі, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы шетелде қиын жағдайда жатқан Қазақстан азаматтарын немесе қандастарды халықаралық тасымалдауды да ұйымдастырады. Мәселен, осы жылдың 9 айында еліміздің медициналық авиациясының көмегімен шетелдік клиникалардан отандық медициналық ұйымдарда емдеуін жалғастыру үшін ҚР азаматтарын тасымалдау мақсатында 8 ұшу орындалды.
Жалпы 2011 жылдан бастап жылдың 9 айы ішінде отандық медициналық авиация Тайланд, Түркия, Швейцария, АҚШ, Оңтүстік Корея, Мысыр, Қырғызстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы сынды таяу және алыс шет елден Қазақстан азаматтарын елге жеткізу үшін 80 рет ұшып шыққан болатын.