Медицина қызметкерлеріне төлем жасауға басымдық беріліп отыр. ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Індетпен күресте тікелей қатысқан денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлем төлеу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігі үшін басымдық берілген міндет болып отыр. Мемлекет басшысы қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды егжей-тегжейлі тексерусіз төлеуді тапсырды. Сондай-ақ қызмет ету кезінде медицина қызметкерлерінің ауырғанының барлық расталған жағдайлары бойынша төлем қысқа мерзімде жүзеге асырылуы жүктелді», - деді Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілуі керектігін тапсырды.
Сонымен қатар Президеннт медицина қызметкерлері қызмет барысында ауру жұқтырып алғаны дәлелденген жағдайда қысқа мерзімнің ішінде төлемақы мүлтіксіз төленуі тиістігін баса айтты.