03 нау, 2022 сағат 21:36

Мәжілістегі «Amanat» партия фракциясының алда атқаратын жұмыстары айқындалды


Бүгін Парламент Мәжілісінде спикер Ерлан Қошановтың төрағалығымен «Amanat» партиясы фракциясының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда саяси ұйымның 2022 жылғы 1 наурызда өткен кезектен тыс ХХІІ съезінде Ел Президенті, Партия Төрағасы Қ.К.Тоқаев алға қойған жаңа міндеттерді жүзеге асыру мәселелері қаралды. 

Ерлан Қошанов съездің тарихи мәніне тоқталып, «Amanat» партиясы қызметін трансформациялау аясында депутаттардың жұмысын жандандырудың маңызын атап өтті. Негізгі мақсат – қоғам сұранысына дер кезінде жауап беру және азаматтардың нақты мәселелерін шешу. Нәтижесінде ол жаңа саяси жағдайда сайлаушылардың «Amanat» партиясына деген сенімін арттыруға септігін тигізеді. 

Депутаттар жұмысындағы жаңа тәсілдерді талқылай келе, Мәжіліс Спикері халықтың нақты проблемаларын шешу үшін Үкіметпен бірлесе жұмыс атқарудың маңыздылығын айтты. Депутаттарға бұл іске Үкіметтен бір Вице-премьердің бекітілгені жөнінде ақпарат берілді. Ол депутаттардың сауалдарында көтерілген мәселелерді шешу бойынша жүйелі түрде жұмыс істейтін болады. 

«Мемлекет басшысы азаматтардың мүддесін қорғау басты мақсат екенін нақты айтты. Біз өңірлерде қозғалған бірқатар өзекті мәселелерді топтастырдық. Мен оны фракция Президиумына бір жүйеге келтіріп, Үкіметке жолдауды тапсырдым. Одан кейін Үкіметпен бірлескен іс-шаралар өткізіп, сол мәселелерді шешу үшін әрқайсысын жеке-жеке талқылаймыз. Бұл БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық өтетін болады», – деді Ерлан Қошанов. 

Сонымен қатар фракция басшысы депутаттарды халықты толғандыратын мәселелер бойынша сайлаушылармен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды. Әсіресе, жұмыс барысында әлеуметтік зерттеулерді кеңінен пайдалану, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелер, соның ішінде азаматтардың шағымдары бойынша өзекті статистикалық деректерді алу үшін Үкіметтің Цифрлық кеңсесімен өзара іс-қимылды күшейту, партияның сайлауалды уәделерін орындау үшін Жол картасының іске асырылуын депутаттық бақылауға алу. 

Сондай-ақ фракция отырысында депутаттар өңірлердегі халықтың нақты мәселелеріне шұғыл жауап беру жолдарын қарастырып, жастарды қолдауға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды талқылады. 

Отырыс барысында Мәжіліс комитеттері жанынан қоғамда, соның ішінде жаңа медиада көтеріліп жатқан өзекті мәселелер бойынша тұрақты жұмыс істейтін сарапшылар алаңдарын құру туралы шешім қабылданды. Барлық кездесулер онлайн режимінде өтіп, сарапшылар мен БАҚ өкілдері осы диалог алаңдарының тұрақты қатысушыларына айналуы керек. 

Фракция отырысында вице-спикер, фракция басшысының орынбасары П.Казанцев, депутаттар С.Нұрбек, Е.Жаңбыршин, Е.Смышляева, Ю.Кучинская, Е.Бисембаев, Е.Сайыров сөз сөйледі. Баяндамашылар партия басшылығы жүктеген міндеттерге сәйкес фракция депутаттарының жұмысын жандандыру жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.