04 сәу, 2022 сағат 14:56

Мәжілісте ауыл шаруашылығы мамандықтарына қатысты ұсыныстар айтылды


Ветеринариялық мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар тізбесін әзірлеу керек. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ерлан Барлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде ветеринарлық мамандардың тапшылығы сезіліп отыр. Жұмыс істейтін мамандардың жалпы саны 10 798 адам, қосымша кадрларға қажеттілік – 810 адам. Бұл ретте, 2021 жылғы 1283 түлектің ішінен мамандық бойынша 712 адам ғана жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, кадрларды даярлау туралы айтқанда, бірінші кезекте ветеринариялық мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар тізбесін әзірлеу керек. Өйткені қазіргі уақытта оларды даярлауды, оның ішінде қажетті материалдық-техникалық жарақтандырылмаған жоғары оқу орындары жүзеге асырады, ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігі де көп нәрсені қажет етеді. Бұдан басқа, білім беру бағдарламаларын, оның ішінде арнайы пәндер санын ұлғайту арқылы өзектендіру талап етіледі», - деді Барлыбаев. 

Оның пайымынша, оқытушылардың ғылыми және өндірістік ұйымдар базасында оқытылатын пәндердің ерекшелігі бойынша кемінде бір жыл мерзімге міндетті тағылымдамадан өтуін тұрақты негізде ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдау қажет. 

«Министрлік ұсынған ветеринариялық мамандықтарға ауылдық квотаны 70% - ға дейін ұлғайту шарасынан басқа, біздің ойымызша, ауыл жастары үшін жоғары оқу орындарына гранттарға түсу кезінде барлық ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринариялық мамандықтар үшін өту балын азайту жағына қарай қайта қарау қажет. Жас мамандарды ауылда бекітудің маңызды элементі оларды оқыту процесіне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тарту болуы мүмкін. Бұдан басқа, ірі агроқұрылымдар базасында студенттердің өндірістік практикадан өтуін тұрақты негізде енгізуге болады», - деді депутат.