Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Заң жобасы аудиторлық қызметті, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды және бухгалтерлік есепті жетілдіру мақсатында бір топ Қазақстан Республикасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Осы заң жобасының тұжырымдамасы 2019 жылғы 15 қарашада заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 498-ші отырысында ашық дауыс берумен мақұлданды», - деді депутат Омархан Өксікбаев.
Заң жобасы аясында депутаттар қолданыстағы 5 заңға 47 түзетуге бастамашылық жасады.
Атап айтқанда, заң жобасы аясында аудиторлық қызметті реттеу жөніндегі тәуелсіз органды құру, яғни Кәсіби кеңестің жұмысын ұйымдастыру ескерілген.
Депутаттың пайымынша, аудит сапасын бақылаудың рөлі артып келеді.
«Кәсіби кеңес оның құрылтайшысы болатын мамандандырылған ұйымдармен құрылады. Аталған кеңестің мүлкі кәсіби ұйымдардан біржолғы түсімдердер есебінен қалыптастырылады. Олар Кәсіби кеңестің мүлкіне мүліктік құқықты талап етпейді. Сонымен бірге, мүшелік жарна институты іске қосылған жағдайда аудиторлық қызмет бойынша Кәсіби кеңестің тәуелсіздігі қағидасы бұзылады», - деді О. Өксікбаев.
Кәсіби кеңес Басқармасының құрамына Қаржы министрлігінің, АХҚО, KASE, аудиторлық ұйымдар өкілдері кірген, бұл өз кезегінде басқарудың корпоративтік әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.