14 ақп, 2020 сағат 15:43

Мәжілісмендер ғылыми жоба конкурстарын бастан-аяқ ашық өткізуді ұсынды

Әділет министрлігіндегі ведомствоаралық комиссия отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының ғылымды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Яғни бұл құжаттың басты мақсаты – ғылым бойынша гранттық, бағдарламалық және мақсатты қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету, жемқорлыққа итермелеуі мүмкін нормаларды алып тастау. Бізде ғылыми-техникалық жұмыстың нәтижесін коммерциялаудың қаржыландыру механизмі заңнамалық тұрғыда толыққанды жазылмаған. Бұл кемшіліктерді осы заң жобасы арқылы реттеу көзделіп отыр. Яғни гранттық қаржыландырудың механизмі толығымен жазылады», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Жәмилә Нұрманбетова ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін тілшілерге.

Мәжілісменнің айтуынша, заң жобасы арқылы ұлттық ғылыми кеңестің сапалы құрамын жасақтау да жоспарда бар.

«Жалпы конкурстар әділетсіз өтті деген сыңайдағы ғалымдардың шағымы бұған дейін айтылып келе жатыр. Сол себепті ашықтықты қамтамасыз ету үшін ұлттық ғылыми кеңестің шешімдері ашық дауыс беру жолымен әрі бекітілген бюджет аясында өткенін қалаймыз. Сонымен қатар заң жобасы конкурстарды жариялау, оған қатысу туралы өтінімдер және конкурс шешіміне дейінгі процестің толық барысын ашық ақпарат көздерінде жариялауды көздейді. Яғни бұл конкурсты жариялаған министрліктің сайтында бұл мәліметтің бәрі де ашық болуы тиіс», - дейді ол.

Жәмилә Нұрманбетова өз сөзінде кез келген адам Білім және ғылым министрлігінің сайтына кіріп, кімнің конкурсқа қатысқанын, кімнің жеңімпаз атанғанын біліп отыруы керектігін айтып өтті.

Білім және ғылым министрлігі Мәжіліс депутаттары ұсынған 42 норманың 29-ын қолдаған. 11 норманы қолдамағанымен, алдағы отырыстарда заң жобасы кеңінен талқыланбақ.