Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының 27 қадамында жеке сот орындаушылары институтын дамытып, мемлекеттік сот орындаушыларын біртіндеп қысқартуды тапсырды. Ұсынылып отырған заң жобасы осы тапсырма бойынша қабылданған шараларды әрі қарай жетілдіру мақсатында әзірленді. Оны дайындау барысында жеке сот шешімдерін орындау тәжірибесі зерделеніп, заңнамадағы олқылықтар ескерілді. Сонымен қатар, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен ТМД елдері тәжірибесі қарастырылды», - деді Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов заң жобасын таныстыру барысында.
Оның пайымынша, жалпы атқарушылық іс жүргізу сапалы болса, азаматтардың сотқа деген сенімі де артады.
«Әрине, бұл салада проблемалар бар. Олар депутаттардың қатысуымен өткен шараларда кеңінен талқыланды. Негізгі проблемаларға тоқталсақ, шалғай елді мекендер жеке сот орындаушысымен толықтай қамтылмаған. Екіншіден, атқарушылық іс жүргізу сатысында азаматтардың құқықтары осал қорғалған. Үшіншіден, жеке сот орындаушыларын бақылау, оларды заң бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тарту шаралары жетілмеген», - деді депутат.
Аталған заң жобасының мақсаты - барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, атқару құжаттарын сапалы әрі уақтылы орындауды қамтамасыз ету.
Заң жобасын қабылдау мынандай міндеттерді шешуге мүмкіндік береді: жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіру және атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін, яғни сот орындаушысы қабылдайтын процестік құжаттарды, әрекеттерді оңтайландыру арқылы арттыру; жеке сот орындаушыларының тәртіптік практикасын жетілдіру; мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің жалақы төлемеу мәселелері бойынша берген ұйғарымдардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету.