19 қаң, 2022 сағат 17:32

Мәжіліс «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға түзету енгізді


Парламент Мәжілісі «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізіп, Сенатқа жолдады. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Қанат Нұров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының Парламенттегі соңғы сөйлеген сөзі шын мәнінде революциялық болды. Халық жеңіл тыныс алды. Енді Парламент пен Үкімет оның барлық негіздемелерін толық, шұғыл әрі нақты жүзеге асыруы тиіс. Ең алдымен Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіндегі өмір бойғы төрағалығын жою қажет болды. Бұл жайында ол өзі жария етті және бүгін біз іске асырдық», - деп жазды депутат Facebook-парақшасында

Оның атап өтуінше, бүгін Мәжіліс тарихи шешім қабылдап, Конституциялық заңдарға өзгерістер енгізген. 

«Сенатқа «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» және «ҚР Қауіпсіздік кеңесі туралы» Конституциялық заңдарға барлық қажетті түзетулер жөнелтілді. Ендігі уақытта ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық заң бойынша, тұлғасы бойынша емес лауазымына байланысты ҚР Президентіне тиесілі болады», - деді Қанат Нұров.