18 қаз, 2023 сағат 19:39

Мәжіліс депутаты жаңа зейнетақы реформасын жүргізуді ұсынды

Фото: Shutterstock.com

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов үкіметке жаңа зейнетақы реформасын жүргізіп, ең төменгі зейнетақыны ең төменгі жалақымен теңестіруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутаттың айтуынша, отыз жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі.

"Еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып отыр.Шын мәнінде, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес", - дейді Жұбанов вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.

Оның пікірінше, Қазақстанға зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек. Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор.

"Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет. Зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының аз да болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді", - дейді мәжілісмен.

Жұбанов президенттің тапсырмасымен келесі жылы ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтерілетінін еске салды.

"Ал, осы ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып бекітіледі. Сондықтан да зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептеймін. Себебі, мемлекет азаматтардың ең төменгі жалақы деңгейінен төмен емес зейнетақы алуына кепілдік беруі қажет", - деп санайды депутат.

Айтуынша, кейбір елдерде адамның зейнетақысы белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен болса, онда мұндай зейнеткерге әлеуметтік үстемеақы төлеу тәжірибесі бар.

Жұбанов ең төменгі зейнетақыны еңбек өтілімі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адамдар алатынын атап өтті. Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары.

Осыған байланысты мәжілісмен жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынды.