Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген.
«Осыған орай ҚР Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға заңнамаға сәйкес, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», - деді Смағұлов.
Палата депутаттары бұл ұсынымға қолдау білдірді.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Тілеуханның жаңа қызметіндегі жұмысына табыс тіледі.
«Бекболат Қанайұлын баршаңыз жақсы білесіздер, елімізде танымал тұлға. Бекболат Тілеуханды білмейтін қазақ жоқ десек артық болмайды. Ол саясатта болсын, өнер саласында болсын, қоғамдық жұмыстарда болсын үлкен үлес қосып келе жатқан абыройлы азаматтарымыздың бірі. Бірнеше шақырылым Мәжіліс депутаты болды, халыққа қажетті заңдар қабылдауға ықпал етті. Әсіресе, еліміздің әлеуметтік-мәдени жолында Бекболат Қанайұлының рөлі өте зор. Енді Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды, сондықтан әріптесімізге бірлескен жұмысы үшін алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да зор денсаулық, жаңа қызметте табыс тілейміз», - деді Нығматулин.
Жалпы отырыста Бекболат Қанайұлына Мәжіліс атынан «Алғыс хат» табысталды.
Бекболат Тілеуханның өмірбаяны
Бекболат Қанайұлы Тілеухан 1966 жылы 7 тамызда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Атасу кентінде туған. Әнші, жыршы, педагог, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1996), Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Дарын жастар сыйлығының иегері.
Білімі – жоғары, 1993 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "концерт орындаушы" мамандығы бойынша, ал 1998 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетін "инженер-металлург" мамандығы бойынша бітірді.
1996 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстан президенті оркестірінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.
2000 жылдардың басында еліміздің мәдениет саласында бірқатар лауазымды қызмет атқарды. 2002-2004 жылдар аралығында мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, мәдениет вице-министрі қызметін атқарды.
2004 жылдан бастап "Нұр Отан" партиясына мүше.
2016-2021 жылдары VІ шақырылымдағы мәжіліс депутаты болды. 2021 жылдың 15 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін - VІІ шақырылған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты.
Бекболат Тілеухан бұған дейін мәжілістің ІІІ және ІV шақырылымында депутат болған.
1996 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" құрметті атағы берілді. "Парасат орденімен", "Қазақстан конститутциясына 10 жыл", "Қазақстан парламентіне 10 жыл", "Астанаға 10 жыл", "Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл" медальдерімен марапатталған.
Жуырда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бекболат Тілеухан IІI дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.