Майнинг компанияларға электр энергиясының неғұрлым жоғары тарифі бекітілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Майнингке салықты бірнеше есе ұлғайту жөніндегі тапсырманы орындау бойынша министрлік тиісті тәсілдерді пысықтауда. Бүгінгі таңда шамамен 640 МВт электр қуатын ресми тіркелген майнингтік компаниялар тұтынады. Сонымен қатар, «көлеңкелі» майнингті тұтыну ресми тіркеуді талап етеді. Бұл ретте, майнингтік компаниялар электр энергиясын тікелей энергия өндіруші ұйымдардан немесе реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан тұтынады. Мұның басты себебі - тарифтің тартымдылығы», - деді министр.
Оның атап өтуінше, осыған байланысты министрлік тұтынушылардың басқа топтарына қарағанда олар үшін неғұрлым жоғары тарифтер белгілеу мақсатында энергия өндіруші ұйымдар тұтынушыларының жеке тобын бөлу мәселесін қарауды ұсынады.