Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев майниинг фермалардың қанша электр қуатын тұтынатынын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Майнингке қатысты айтсақ, бұл жұмыстың бәрі «KEGOC» жүйелік операторының күшімен істеліп жатыр. Солардан алған ақпарат бойынша, шамамен 120 МВт электр тұтынып отырған майнинг фермалар («КЭГОК» жүйесінен – ред) ажыратылған. Бұл негізінен Қазақстанның оңтүстігі деп айтуға болады. Яғни, Жамбыл, Түркістан облыстары және Павлодар облысы», - деді ведомство басшысы.
Оның айтуына қарағанда, энергия тапшылығы қатты сезілген кездерде ашық жұмыс істеп тұрған майнинг фермаларды да ажыратуға тура келуде.
«Ал техникалық шарт алып, ашық жұмыс істеп жатқан «ақ майнинг» туралы айтсақ, шамамен 1 ГВт немес 1 000 МВт электр тұытынып отыр. Оның ішінде белсенді түрде 700 МВт қуат тұтынылуда. «Ақ майнерлер» бүгінде жұмыс істеп тұр. Қараша мен желтоқсан айларының басында оларды да ажыратқан фактілер болды. Әсіресе тұтыну шарықтау шегіне жеткен кездерде. «КЭГОК» операторынан алған ақпарат бойынша, ашық жұмыс істейтін майнинг фермалар қазір ажыратусыз жұмыс істеп тұр. Тиісті техникалық шарт алған майнерлер кедергісіз жұмыс істеуде», - деді Мағзұм Мырзағалиев.