Өзбекстан азаматы Мәскеуде әскери комиссариаттан шақырту алды. Бұл туралы Mediazona Central Asia хабарлады, деп жазады Massaget.kz порталы.
"Мен Мәскеуде тұрамын, бірақ ешқашан Ресей азаматы болған емеспін. Тиісінше, менде ешқандай әскери есеп жоқ. Өзбекстан елшілігіне хабарластым, олар маған келіп арыз жазуымды сұрады, сонымен қатар шақырту бойынша ешқайда бармайтынымды ескертті", - деді Сирож Набиев.
Басылымның хабарына қарағанда, бұл - Ресейде шетелдіктерді әскерге шақыртқан алғашқы оқиға емес. Қазан айының басында Петербургте Қазақстан азаматын әскерге шақыру әрекеті болғаны хабарланған. Жергілікті әскери комиссариат шақырту қағазының "қателіктен" шыққанын мойындаған.
Бұған қоса, БАҚ Владимир Путин жариялаған "жартылай" мобилизациядан кейін Санкт-Петербургтен Владивостокқа дейін Ресейдің әртүрлі қалаларында тұратын жүздеген тәжікстандықтың әскерге шақырту алғанын хабарлады.
Бұған дейін Мәскеу облысының Подольск қаласында Өзбекстан азаматына әскери комиссариатқа келуді талап еткен шақыру қағазы тапсырылғаны да белгілі болған.