20 мам, 2020 сағат 14:52

Маскасыз персонал: Қызмет көрсету саласында коронавирус күн сайын тіркеледі

Карантин режимін қатаң сақтау - әрбір азаматтың және бизнес субъектісінің міндеті. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Карантин режимін қатаң сақтау әрбір азаматтың және бизнес субъектісінің міндеті - Есмағамбетова 

«Өңірлердегі жедел штабтардың жанынан құрылған мониторинг топтары бекітілген режимді бұзу фактілерін анықтап жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 358 нысан тексерілді. Оның ішінде 85 пайызы бекітілген талаптарды сақтамайды. Атап айтқанда, 116 азық-түлік және 94 азық-түлік емес тауарлары дүкенінің сатушылары маскасыз, қолғапсыз, арнайы киімсіз жұмыс істеген. Қоғамдық тамақтану орындары, тіс емханасы, шаштараздар мен сұлулық салондары да қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Бұған қоса, Нұр-Сұлтан қаласында қызмет көрсету саласы персоналдары арасында коронавирус жағдайлары күн сайын тіркелетіндігін атап өткім келеді», - деді бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның дерегінше, Алматы қаласында «Салават строй» ЖШС-нің құрылыс алаңын тексеру барысында бекітілген талаптың жартысынан көбінің сақталмайтыны анықталған. Азық-түлік дүкендері нан және нан өнімдерін сақтау ережесін бұзған. Сұлулық салондары мен қоғамдық тамақтану орындарында адамдардың күту алаңында шоғырлануы тіркелген. 

«Карантин режимін қатаң сақтау әрбір азаматтың және бизнес субъектісінің міндеті. Кәсіпкерлік субъектілері талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, нысан жұмысы тоқтатылуы да мүмкін. Айыппұл көлемі 5-тен 500 АЕК-ке дейінгі соманы құрайды», - деді Айжан Есмағамбетова.