15 там, 2020 сағат 17:03

Маска тағу күнделікті өміріміздегі мәдениетке айналуы тиіс - Бақыт Түменова

Маска тағу күнделікті өміріміздегі мәдениетке айналуы тиіс. Мұндай пікірді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантин шараларының кезең-кезеңімен алынуы өте дұрыс. Өйткені соңғы 2-4 аптаның ішінде вирусқа шалдығу жағдайы төмендеп келе жатыр. Сондықтан 17 тамыздан қатаңдатылған карантин шаралары біртіндеп алғынғанымен толықтай жойылмайды. Мұны түсінуіміз керек. Коронавирусқа әлі тосқауыл қойылған жоқ. Елімізде де, әлемде де тиылмай отыр. Демек, карантин алынды деп той-думанды бастауға, масканы шешіп тастауға болмайды. Сақтық, қауіпсіздік шараларының барлығы да орындалуы тиіс. Жалпы, коронавирус өте жымысқы ауру. Алда не боларын білмейміз, күзде екінші толқыны соғады деп жатырмыз. Міне, осыған орай карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастағанмен алдағы 1-2 апта жағдайды жіті бақылауда ұстау қажет. Егер індет қайта өршитін болса, онда карантин шаралары қайта қатаңдатылатындығы сөзсіз. Оған да түсіністік танытуымыз қажет. Өйткені, бұған дейін карантин шараларын жеңілдетіп едік, коронавирус індетіне шалдыққандар саны күрт артып кетті. Адамдар маска тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау ережелерін ұстамады», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, індет тараған кезде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар саны 3,5 мыңның төңірегінде болатындығын болжаған. Алайда, қазіргі уақытта індетке шалдыққандар саны 100 мыңнан асып отыр. Ал бұған медицина саласының мамандарымен қатар қоғам, адамдардың өздері де кінәлі. Адамдардың кінәлі болу себебі, олар дәрігердің кеңесіне құлақ асқан жоқ. 

«Меніңше, коронавирустың ауыр формасы және өлім-жітім жасы келген адамдардың арасында көп болды. Мұның себебі неде? Олардың жасы келгендікпен бе? Жоқ, оларда жүрек, өкпе сынды ағзаларының созылмалы аурулары болды. Енді олар осынау карантин шараларының кезең-кезеңмен алынып тасталуына пайдаланып, денсаулықтарын шыңдауы, артық салмақтарынан арылуы қажет. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы, күнделікті серуендеп, жаттығулар жасауы керек. Бұған қоса, шылым шегуден де бас тартқан абзал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзге қарай коронвирус індетінің екінші толқыны бас көтеретіндігін ескертіп жатыр. Сондықтан жоғарыда атаған аурулары бар адамдар дайын болуы тиіс. Тағы бір айтарым, маска тағу күнделікті өміріміздегі мәдениетке айналуы тиіс», - деді Бақыт Түменова. 

Айта кетейік, осы айдың 17 тамызынан бастап барлық өңірде сауда ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, жабық базарлар, сән салондары, шаштараз, СПА орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін кәсіпкерлік субьектілерінің қызметі жанданады. Бассейні жоқ фитнес орталықтар, бассейні жоқ моншалар мен сауналар, білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары, ашық ауадағы аттракциондар жұмысын бастайды. Бірақ, бұл аталған субьектілердің барлығы да мейлінше жартылай қуаттылықпен жұмыс істегені дұрыс. Тұтынушыларды топтап қабылдауға болмайды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін қызметкерлердің 80 пайыз қашықтан еңбек ету ережесін сақтауы ұсынылады. Бұл ретте карантин шаралары алынып тасталды деп еркінсуге болмайды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, маска тағу, қолды үнемі сабындап жуу, антисептик пайдалану, қоғамдық орындарда ара қашықтық ұстану қажет. Өйткені, алда коронавирустың екінші толқыны жүру қаупі жоғары. 

Жұмыс күндері карантиндік шаралар жеңілдегенмен, демалыс күндері карантин тәртібі қатаң сақталады. 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуы шектеледі. Қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтайды және демалыс күндері жұмысқа баруға тыйым салынады. Бұл да коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін жасалып отырған мәжбүрлі шара десек те болады. Дегенмен, сенбі-жексенбіде азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысын жалғастыра береді. 

Ал ойын-сауық, спорт, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорт, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына, мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге; бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің, діни нысандардың жұмысына тыйым бар.