06 қаз, 2023 сағат 18:10

Мәселе халықтың діндарлығында емес, діни сауатсыздықта – Аида Балаева

Фото: СЦК при Президенте РК

Елімізде деструктивті сипаттағы материалдарды анықтау бойынша тәулік бойы мониторинг жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Дін мәселелері өте өзекті болып тұр. Қыркүйек айының басында мен хиджаб кию сұрақтары бойынша түсініктеме берген едім. Мәселе халықтың діндарлығында емес, діни сауатсыздықта. Әрине, бүгінде біз дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан министрліктің бұған қатысты жұмысы үш бағытта жүргізіледі», - деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр келтірген мәліметке сәйкес, деструктивті сипаттағы материалдарды анықтау бойынша тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде.

«1 қаңтардан қыркүйек айының соңына дейін интернетте лаңкестік және діни экстремизм қағидаттарын насихаттауға бағытталған 14 860 материал анықталды. Бұл дегеніміз діни ағымдар жұмысының күшеюін білдіреді. Әрине, біз депутаттардың сауалын мұқият тыңдап, зерделейміз. Бұл бағытта біз «Дін туралы» Заңның жекелеген нормаларын қайта қарау үшін жұмыс істейтін боламыз», - дейді ол.