Фото: pexels.com
Сенатта Қазақстандағы жол қозғалысына қатысты заң актілеріне өзгерістер қарастырылып жатыр – олардың арасында мас күйінде көлік жүргізгендерге емтихан тапсыруға тыйым салу бар.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін немесе 613-бап бойынша масаңдықты тексеруден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға көлік құралын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға 7 және 8 жылға дейін тыйым салынады", - делінген "Жол қозғалысы туралы" заңға ұсынылған түзетулердің бірінде.
Сондай-ақ көлік құралдарының "орташа жылдамдығы" ұғымын және оны есептеу тәртібін енгізу ұсынылады. Орташа жылдамдық көлік құралы жүріп өткен халықаралық немесе республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы жолдың ұзындығын осы қашықтықты жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы анықталатын болады.
Қылмыстық кодекске мопедтерді "басқа механикалық көлік құралдары" ұғымына енгізуге қатысты түзету ұсынылса, "Жол қозғалысы туралы" заңға мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеуге алу туралы түзету енгізу ұсынылып отыр.