Қазнетте бір топ жасөспірім қатысқан жаппай төбелестің видеосы тарады. Кейін оқиға Маңғыстау облысында болғаны анықталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде Маңғыстау облысы Шетпе ауылында жасөспірімдердің жиынының видеосы анықталды. Белгілі болғандай, бейнежазба 8 қазан сағат 22.00 шамасында Шетпе ауылындағы теміржол вокзалының жанында түсірілген.
16-17 жас аралығындағы 18 жасөспірімнің жеке басы анықталып, олар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ олардың әрқайсысымен профилактикалық әңгіме жүргізілді" - делінген Polisia.kz Telegram-арнасының хабарламасында.
Айта кетейік, бұл факт бойынша ешқандай шағым мен өтініш түспеген.