Фото: МАМ
5 сәуір күні Ақтау қаласында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы 2025» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Ашылу салтанатына Халықаралық түркі мәдениеті ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше елдердің – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстанның мәдениет министрлері мен өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері және Венгрия делегациясы болды.
Фото: МАМ
Каспий теңізінің жағалауында өткен ауқымды шараны 100 мыңнан астам көрермен тамашалады. Олардың қатарында жергілікті тұрғындармен қатар Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шет елдерден келген қонақтар да бар.
Фото: МАМ
Салтанатты кештің басты нысандарының бірі – «Дархан Дала» этноқалашығы болды. Бұл – қазақтың дәстүрін, Маңғыстаудың киелі мұрасын және түркі халықтарының тарихын насихаттауға арналған бірегей мәдени кеңістік.
Іс-шара аясында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің суретшілері мен қолөнершілерінің көрмесі де ашылды.
Мерекелік кеште Ақтау аспанын ерекше таңғажайып көрініске бөлеген дрон шоуы өтті. Бір мезетте 500-ден астам дрон көкке көтеріліп, Қазақстанның туы, Маңғыстаудың табиғатына тән жануарлар мен бозжыра тауы, халықаралық шараның логотипі және қазақтың ұлттық мәдениетінің элементтері бейнеленді.
Фото: МАМ