26 ақп, 2020 сағат 09:28

МӘМС: Халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің саны артты

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған алғашқы айда елімізде халыққа көрсетілген консультативтік-диагностикалық қызмет саны 2019 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 27% артты. Атап айтқанда, КТ және МРТ қызметін тұтыну көлемі 54%, УДЗ – 21% өскен. Бұл туралы бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Филиал басшысының айтуынша, 2020 жылы бағасы қымбат болып келетін компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, стоматология сынды қызметтерге ақы төлеу схемасы өзгерді. Бұрын қызмет ақысы консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін клиникаға тікелей аударылатын болса, биылдан бастап емханалар арқылы төленеді. Ол үшін қосымша келісімшарт бекітіледі. Бұған дейін КТ, МРТ, ПЦР, ИФА-анализ сынды зерттеулер тек әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға ғана тегін көрсетіліп келсе, биылдан бастап бұл мүмкіндікті сақтандырылған азаматтар да пайдалана алады.

«2019 жылы Алматы қаласында денсаулық сақтау саласына 119,3 млрд теңге бөлінді және берілген қаржы толық игерілді. Бекітілген жоспар бойынша, 2020 жылы 182,2 млрд теңгенің қызметі сатып алынбақ. Оның 110,7 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне, 71,4 млрд теңгесі – сақтандыру пакетіне тиесілі. Яғни, жаңа реформа мен тарифтерді теңестіру нәтижесінде биыл Алматы қаласының денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат 1,5 есе артып отыр», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 173 медицина ұйымы қормен келісімшарт бекіткен. Оның 144-і тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде қызмет көрсетеді. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын емдеу ұйымдарының 51% – жеке меншік клиникалар.

Міндетті сақтандыру пакеті бойынша 152 медицина ұйымымен келісімшарт бекітілген. Оның 55% – жеке меншік.

«Қазір қызмет көрсетуші клиникалармен сақтандыру пакетіне енген медициналық қызметтерді толыққанды көрсету бағытында жұмыс жүріп жатыр. Себебі, биылдан бастап қос пакет шеңберінде көрсетілетін қызмет көлемі едәуір артты. Мысалы, бүгінгі күні Алматы қаласында пациент денсаулығын қалпына келтіру және оңалтумен айналысатын емдеу нысандарының саны 62-ге жетті. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша оңалту қызметін көрсететін емдеу ұйымдарының саны төртеу ғана болатын», - деп атап өтті Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы жетекшісі Тілеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, қаладағы барлық емханалар мен клиникалар тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттеріне енген қызметтерді көрсетуге қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.

«Медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейтін емдеу орындарының бәрі пациенттерге ыңғайлы болуы үшін төлем терминалдарын орнатып жатыр. Мұндай аппараттар сақтандырылмаған азаматтардың жарнаны ғимараттан шықпай-ақ төлеп, бірер сәтте жүйеге енуіне мүмкіндік береді», - деп қорытты Т.Әбілдаев.