Фото: Depositphotos
Қазақстанда балаларға арналған қазақша контент 2025 жылы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Мемлекет тарапынан анимация саласына қолдау артты: жыл бойы кемінде 10 жаңа отандық мультфильм мен анимациялық жоба шығарылады деп жоспарланған. Бұл – тек цифрлық статистика емес, ұлттық мәдениет, тіл және тарихи–рухани құндылықтарды бала санасына жеткізудің нақты көрінісі. Осы орайда Ult.kz тілшісі биыл қандай балалар контенті дайындалғанын тізбектеп көрді.
Бұрынғы классикалық мультфильмдер қайта өңделіп, жаңғыртылып жатыр. Мемлекеттік қолдау, цифрлық платформалардың кеңеюі, дубляж индустриясының белсенділігі – бәрі балаға ана тілінде сапалы медиа жеткізуге бағытталған маңызды қадамдар. Қазақша мультфильмдер мен онлайн контент балаларға тек көңіл көтеру ғана емес, ұлттық құндылықты, тарих пен рухани әлемді жеткізетін құралға айналып отыр.
Балаларға қаржылық сауаттылықты үйрететін мультфильм
2025 жылдың соңына қарай «Қаржы әлемі» атты анимациялық сериал жарыққа шықты. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» орталығы мен ҚР Ұлттық Банкі бірлесіп дайындаған бұл жоба мектеп оқушыларына ақша басқарудың негізгі дағдыларын үйретеді.
Сериал кейіпкерлері Барыс, Арқар, Құлан, Сілеусін, Тиін, Сұртышқан мен Кірпі күнделікті өмірдегі қаржылық жағдайларды көрсете отырып, ақшаны дұрыс жұмсау, жинау, жоспарлау, еңбек ету дағдыларын балаларға жеткізеді. Сонымен қатар, алаяқтық схемалар мен қаржылық пирамидалардан сақтану жолдары да қарапайым тілмен көрсетіледі. Мультсериал қазақ және орыс тілдерінде әзірленіп, қаржы мен білім беру саласындағы сарапшылардың бірлескен сценарийімен жасалды.
2025 жылғы басты отандық мультфильмдер
Алтын адам кинотеатрларда көрсетілген толықметражды анимациялық картина. Фильмде сақ дәуірі, батырлық, рухани құндылықтар сәттері суреттеледі – басты кейіпкер Хан Тәңірі шыңына «Мәңгілік Отты» іздеуге аттанады. Бұл жоба балаларға ұлттық мәдениет пен тарихты жеткізудің жаңа жолын ашты.
Тоқаш пен Бақаш 13 сериялы мультсериал мемлекеттік қолдау арқылы жасалған жаңа балалар жобасы. 2025 жылғы казахстандық анимацияның дамуы мен ұлттық контентке қызығушылықтың артуының көрінісі.
Қысқаметражды жобалар «Үміт әрдайым жанымызда» және 2D/3D форматындағы бірнеше жаңа мультфильмдер де жарық көруде. 2025 жылы мемлекеттік қолдау аясында анимация өндірісі артты, отандық мультфильмдер саны көбейді.
Халықаралық жобалар қазақ тілінде
«Аңдар шаһары 2» Алматыда Disney студиясының әлемге танымал анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесері өтті. Disney соңғы жылдары қазақ тілін ресми дубляж бағдарламасына қосып, әлемдік премьераларын қазақша шығара бастады. Бұл тіл саясатының және көрермен талғамының айрықша белгісі.
Фильмнің басты кейіпкерлерін қазақша сөйлеткен артистердің қатарында актриса және әнші Сабира Жарасқызы – Джуди Хоппстың, театр және кино актеры Бақытжан Әлпейіс – Милтон Рыcевичтың, актер Асан Мәжит – Бого Басекенің (Капитан Буйволсон), ал Еркебұлан Дайыров – Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын дыбыстады.
«Енді «Аңдар шаһары» сынды танымал туындының екінші бөлімі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл біздің мәдени кеңістігіміздегі үлкен өзгерісті көрсететін елеулі оқиға. Әлемдік деңгейдегі контентті қазақша тамашалау қалыпты әрі тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл анимациялық фильм әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды. Қазақ тілі осы ірі тілдермен бір қатарда тұр. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді», – деді Р.Кенжеханұлы.
«Лило мен Стич» және «Элио» әлемдік студиялар фильмдерінің қазақ тіліндегі нұсқалары балаларға сапалы контент ұсынуда. «Элио» фильмінде басты кейіпкер өзін жаңа әлемде тауып, достық, батылдық және жауапкершілік сабақтарын үйренеді. Бұл фильмдер тек көңіл көтеру емес, әр балаға өзін тану мен даму жолын көрсететін нұсқаулыққа айналды.
«Бұл бірегей туынды, ешқандай фильмнің жалғасы емес, қайта түсірілмеген. Ақ параққа жаңадан жазылған жаңа хикая. Басты кейіпкер Элио жер ғаламшарында өзін жалғыз сезінеді. Кейіпкер өте жас бала. Кейіпкерге мұндай драмматургиялық ауыр жағдайлардан өту оңай нәрсе емес. бірақ Элио еш мойымай, бұрын соңды ешкім байқамаған жігерлікті, батылдықты тауып, дос таба біліп және ең бастысы жердің өзі үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Бұған дейін менсінбеген немесе қашқысы келген жерге қайта асығады. Ең бастысы ол жерде өзінің отбасы бар екенін түсінеді. Бұл отбасыны зерттейтін, әсіресе балалардың табиғатын зерттейтін адамдардың тілімен айтқанда неше түрлі терминдер табылады. Дегенмен осы фильмнің өзінде Элио бізге үйреншікті тәсілдерсіз-ақ проблемалармен күресе біледі, ойламаған жерден дос табады. Ал досы оның өмірін түбегейлі өзгертеді», – дейді Disney мен Pixar-дың «Элио» фильмінің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.
Қазақша YouTube әлемі
Balapan TV, Dara Bala, Qazyna Kids, STEM Kids KZ арналары арқылы балаларға қазақша роликтер қолжетімді болды. Бұл платформалар тек көңіл көтеріп қана қоймай, әліппе үйрену, санды санау, логикалық ойлау, ғылыми тәжірибе жасауға мүмкіндік береді.
Биыл қаржылық сауаттылыққа, қауіпсіздікке, әдепке арналған мультфильмдер пайда болды. Мысалы, Қаржы мониторингі агенттігінің арнайы жобалары арқылы балалар алаяқтық схемалардан сақ болуды үйренеді. Сонымен қатар, Kids Qazaq интерактивті платформасы мен STEM Kids жобалары балалардың білімін ойнау арқылы дамытуды қамтамасыз етеді.
Мәдениет пен тәрбие
2025 жылы балалар контенті тек цифрлық өсім емес, ұлттық мәдениет пен тілдің дамуының нақты көрінісі болды. Мемлекеттік қолдау, жаңа анимациялық жобалар, дубляж индустриясының белсенділігі – бәрі қазақ тілінде балаға сапалы медиа ұсынуға бағытталған нақты қадамдар.
Болашақта балаларға арналған қазақша мультфильмдер мен білім беру контентінің саны арта бермек. Әрбір жаңа туынды – тек көңіл көтеру емес, баланың ана тілінде өсуі, ұлттық құндылықпен тәрбиеленуі үшін маңызды.
Ақбота Мұсабекқызы
