Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен 1 шілдеден бастап іске қосылады. Қазіргі уақытта барлық қазақстандықтар шартты сақтандырылған деп саналады. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сәуір айынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылуы тиіс болатын. Бірақ мемлекет басшысының коронавирус індетіне байланысты берген тапсырмасына сәйкес, бұл мерзімді 1 шілдеге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Яғни, осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Сонымен қатар, ол бұл елде тұратын әрбір азаматтың тегін медициналық көмек түрін ғана емес, медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді де пайдалануына мүмкіндік беретінін айтты. Жалпы алғанда, бұл мүмкіндікті 2,5 миллионнан астам адам пайдаланады.
«Қор өзінің ішкі резервінен 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Ол сақтандырылмаған азаматтардың компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, ПЦР сынды қымбат анализдерге деген сұранысын қанағаттандыруға жұмсалмақ. Қазір елімізде барлығы 16,4 миллионға жуық адам сақтандырылған болып саналады. Оның 11 миллионға жуығы әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттар. Яғни, халықтың жартысынан көбі бюджет есебінен сақтандырылып отыр, - деді ол.
Спикердің айтуынша, медициналық сақтандыру қоры 2020 жылға республика бойынша 1 250-ден астам медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен, оның 600-ден астамы жекеменшік ұйым. Жеткізушілермен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 1,3 трлн теңге. Ал Алматы қаласы бойынша биыл 182,2 млрд теңгенің қызметін сатып алу көзделген. Оның: 110,7 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне, 71,4 млрд теңгесі – сақтандыру пакетіне тиесілі.
«Естеріңізге сала кетсем, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың басында енгізілді. Әуелде жылдың бастапқы үш айы өтпелі кезең ретінде жарияланды. Себебі, жаңа жүйе болғандықтан әртүрлі сұрақтардың туындайтыны рас. Өтпелі кезең осындай мәселелерді шешіп, тұрғындардың жаңа жүйені бағалап, оның артықшылығын сезінуі үшін енгізілген болатын. Дегенмен, бұл Қазақстан азаматтары мен осында тұрақты тұратын шетелдіктерді жарна төлеу міндетінен босатпайды. Шілденің біріне дейін сақтандырылмаған тұрғындар МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алмайды», - деп қортындылады Нұрлыбек Қабдықапаров.