Фото: © Sputnik / Владислав Воднев
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният депутаттардың Міндетті медициналық сақтандыру қорына төленетін төлемдердің жалпы сомасының 50 пайызын қазақстандықтарға қайтару туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
"Заңда бұл жүйе (МӘМС) әлеуметтік және ынтымақтастық арқылы жасалғаны көрсетілген. Сондықтан ол жердегі қаражат қайтарылмайды. Орташа жалақыдан 100 мың теңге жиналған жағдайда биыл адам ауырмай, оған 50 мың теңге қайтарылса, келесі жылы оған млн аса теңге көлемінде медициналық көмек керек болуы мүмкін. Сондықтан бұл көмекті барлығына көрсету үшін қаржы қайтарылмайды. Заң бойынша қаржыны қайтарып беру мүмкін емес", - деді Ажар Ғиният.
Министрдің айтуынша, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу елімізде медицинаны дамытуға мүмкіндік берген шара болған.
"Жылдар бойына қосымша қаражат түсті, денсаулық сақтау саласына инвестиция құйылды. Жаңа технологиялар пайда болды. Медициналық көмек бүгінде барлық азаматқа қолжетімді. Екі миллионға жуық адам тегін дәрі-дәрмек алды, қазір төрт миллион болды. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің арқасында біз халықтың денсаулығын жақсарттық", - деді министр.