ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында ірі шетелдік инвесторлар – «Blackrock», «Capital Group», «Aberdeen Asset Management», «Sands Capital», «Luxor Capital» және «Lugard Road Capital» өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және ел мен аймақта шетел капиталының болуын кеңейту перспективалары талқыланды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының өңірге қажетті бірегей инфрақұрылымына ерекше назар аударылды.
Үкімет басшысы экономиканың сенімді қалпына келу серпіні аясында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын атап өтті.
Биылғы он айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5%-ға дейін жеделдеді. Қалпына келудің неғұрлым жоғары қарқынына құрылыста (+7,6%), өңдеу өнеркәсібінде (+5,3%) және қызмет көрсету саласында (+3,4%) қол жеткізілді.
Экономиканың белсенді қалпына келуі аясында тікелей шетелдік инвестициялар ағынының өсуі байқалады. Мәселен, 2021 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша ҚР экономикасына салынған ТШИ көлемі 30,4%-ға ұлғайды және $11,1 млрд құрады. Биылғы жылдың 10 айында қаржы секторына салынған инвестициялар көлемі 12,1%-ға өсті.
Шетелдік компаниялардың өкілдері шетелдік инвесторлар үшін жағымды сигналдардың бірі 2020 жылы Лондон қор биржасы (LSE) мен AІX-тегі Kaspi.kz табысты IPO-сы болғанын атап өтті. Бұл ретте, өзекті жаһандық трендтерді ескере отырып, шетелдік капиталдың ESG-қағидаттарын енгізуге және декарбонизациялауға бағдарланғаны ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ ҚР мемлекеттік активтерін жекешелендіру бағдарламасын іске асыру перспективалары қаралды.
Кездесуге Еуропаның дамушы нарықтары бөлімінің жетекшісі және «Blackrock» компаниясының аға портфельдік менеджері Крис Колунга, «Capital Group» компаниясының аға портфельдік менеджері Артур Кей, «Aberdeen Asset Management» компаниясының жетекші портфельдік менеджері Адам Монтанаро, «Sands Capital» компаниясының портфельдік менеджері Тиджа Бойе, «Luxor Capital» компаниясының президенті Дуглас Снайдер және «Lugard Road Capital» компаниясының басқарушы серіктесі Дуглас Фридман қатысты.
Қазақстан тарапынан келіссөздерге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және т. б. қатысты.