05 ақп, 2021 сағат 14:24

Мамин Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалық етуі жайлы: Жаңа жағдайдағы сын-тегеуіріндер ескеріледі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысына қатысып, онда Қазақстанның 2021 жылы ЕАЭО-ға төрағалық етуінің жарияланған басымдықтары бойынша жұмысты күшейтуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев одаққа мүше мемлекеттер басшыларының атына еліміздің төрағалық ету жылындағы негізгі басымдықтар белгіленген үндеу жолдады. Олар ЕАЭО әрекет істеуінің 6 жылдық тәжірибесін және жаңа экономикалық және әлеуметтік шынайылық жағдайындағы мейлінше өзекті сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерді ескере отырып әзірленген», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы Қазақстанның ЕАЭО органдарындағы төраға орнында өнеркәсіптік кооперацияға жаңа серпін беруге, өзара саудадағы кедергілерді жоюға, трансшекаралық көлік артериялары мен логистикалық хабтардың әлеуетін толыққанды пайдалануға, тұтастай қамтитын цифрландыруға және сыртқы нарықтарға шығуды кеңейтуге назар аударатынын атап өтті. 

«Қазіргі дағдарыс аясында қалыптасқан және күшейтілген трендтер, оның ішінде ондаған жылдар бойы қалыптасқан өндірістік және көлік тізбектерінің ығысуы мен жойылуы, жаппай цифрландыруға назар аударудың күшеюі, капитал мен өткізу нарықтары үшін бәсекелестіктің күшеюі қысқа мерзімді болып табылмайды. Олар жаһандық нарықтарда көптеген жылдарға алдын ала жағдай тудырып, жаңа экономикалық шынайылық негізінің бір бөлігіне айналады», — деді А. Мамин. 

Премьер-Министр Қазақстан Республикасы ұсынып отырған жұмыс бағыттары ЕАЭО елдерінің ортақ мүдделеріне толық сәйкес келетінін және жаңа жағдайларда ЕАЭО-ның экономикалық, өндірістік, сауда, институционалдық құрылымын жедел трансформациялау қажеттігін көрсететінін атап өтті. 

Отырыс барысында Еуразиялық экономикалық одақтың шарттық-құқықтық базасын нығайтуға бағытталған бірқатар мәселелер қаралды. ЕЭК-тің ЕАЭО елдеріндегі макроэкономикалық ахуал туралы ақпараты тыңдалды, онда олардың тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар ұсынылды. 

ЕАЭО-ның ішкі және сыртқы сауда саясаты, оның ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тетіктерін жетілдіру, ЕАЭО тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланушы елдердің тізбегін өзектендіру мәселелері талқыланды. 

2021-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарымен ЕАЭО елдерінің теңіз өткізу пункттерінде электрондық құжат айналымын дамыту тұжырымдамасы, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мал шаруашылығындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және сараптамалық қамтамасыз ету тәртібі бекітілді. 

Отырыс қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрі Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанның бастамаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткенін, онда 15 негізгі міндет және 84 іс-шара айқындалғанын хабарлады. Биыл 57 шараны іске асыру жоспарланған (2022-2025 жж. — 27 іс-шара).