«Е-Salyq Azamat» және «E-Salyq Business» мобильді қосымшаларын белсенді дамыту қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық тәсілдерге сүйеніп, салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету мен жұмсарту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. Қаржы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, блокчейн және үлкен деректер сияқты заманауи әдістерді пайдаланып, салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйелерін жаңғырту және оларды басқа мемлекеттік органдармен интеграциялау бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар ол салық төлеушілер мен бизнеске ыңғайлы болуы үшін әзірленген тегін «Е-Salyq Azamat» және «E-Salyq Business» мобильді қосымшаларын белсенді дамыту қажеттігін баса айтты.
«Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қаржы министрлігі жеке кәсіпкерлер онлайн-ККМ мен POS-терминалдарды пайдаланған кезде олардың есептілігін автоматты толтыру мәселесін сапалы пысықтауы қажет», - деді Үкімет басшысы.