28 ақп, 2020 сағат 08:43

Мамин: Әлемдік сауда процестерін тежеуші басты фактордың бірі – коронавирус болып тұр

Елордада отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін талқылау мақсатында «Samruk Business Forum» шарасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға Үкімет басшысы Асқар Мамин, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысуда.

«Дамыған елдердің өнеркәсіптік және сауда бойынша протекционизмдерін бақылай отырып, әлемдік экономиканың құбылмалы сипаты сақталып тұрғанын байқаймыз. Былтыр әлемдік сауданың өсу қарқыны 1 пайызға төмендеп, кейінгі жылдардағы ең төменгі көрсеткішті көрсетті. Өкінішке қарай әлемдік сауда және өнеркәсіптік процестерін тежеуші басты фактордың бірі – коронавирус болып тұр. Беделді қаржы институттары әлемдік экономиканың 2020 жылы 2,8 пайызға құлдырайтынын болжайды. Бұл – 2009 жылғы қаржылық дағдарыстан кейінгі ең төменгі көрсеткіш», - деді Асқар Мамин форумның ашылуында.

Үкімет басшысының айтуынша Қазақстанның барлық ірі сауда серіктестерінде өсім қарқыны төмендейтіні жайлы болжам бар.

«Сыртқы сұраныстың айтарлықтай төмендеуіне байланысты ішкі және сыртқы нарықта бәсекенің қыза түсері анық. Осыған байланысты біз қосымша шараларды қабылдап, өндіріс пен жұмыс орындарын сақтап қалуымыз керек. Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия қатарлы экономикасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай ұлттық экономиканың тұрақты өсімі ішкі өндіріс пен өнеркәсіптік өзін-өзі қамту деңгейіне қарай қалыптасады. Сонымен қатар шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпорындардың арасындағы тығыз кооперация – маңызды қадамдардың бірі. Бүгінгі форумға шағын және орта бизнес саласындағы 200-ге тарта кәсіпорынның өкілдері қатысуда. Осылайша тапсырыс беруші мен ұлттық компаниялар, өндірушілер арасындағы диалог орнатылуда», - деді ол.

Асқар Мамин «Самұрық-Қазына» қоры ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын айтып өтті.

«Жыл сайын сатып алу көлемі 4 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұл ретте осы көлемді ішкі нарықтың мүддесіне тиімді түрде пайдалану білу керек. «Самұрық-Қазына» қорының шағын және орта бизнес саласында әлеуеті үлкен. Қордың әрбір еншілес компаниясының өзіндік маңызы бар. Кейбірі өз аймақтарының басты компанияларына айналып отыр. Осыған байланысты Үкімет өңдеу өнеркәсібі саласында отандық өндіріс әлеуетін дамыту бойынша жоспарлы жұмысты жалғастырып келеді. Ұзақ мерзімді келісімдер мен механимздер жұмыс істеп тұр», - деді Премьер-министр.