19 ақп, 2019 сағат 16:31

"Мәміле" қойған мақсат айқын

Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесі арасында «Мәміле» жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, «Мәміле» клубы ашылды. Клуб тілді үйренгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін, сондай-ақ тілді меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңы болып табылады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ елінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру баса айтылған болатын. «Қазақтану» бастамасының басты міндеттері — қазақстандық этностар арасында қазақ халқының гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын қалыптастыру, Қазақстан халқының бірлігі мен достық дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырудың тетігін құру. Міне осы мақсатты көздеген «Мәміле» клубында мемлекеттік тіл арқылы қазақ халқының тасын түртсе тарихы көрінетін әрбір салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары, олардың тереңдігі мен шынайы мағынасы түсіндіріледі. Сондай-ақ келушілер күнделікті өмірде қолданылатын стереотипті тілдік шаблондарды меңгереді.

Клубтың ашылу салтанатына жиылған жұртшылықтың алдында алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова:

– «Қазақтану» жобасы бойынша облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қарқынды жұмыс істеуде. Қазақтағы «ата тегі», «жеті ата», «бата-тілек» т.б. сияқты жоралғыларды сонау ата-бабамыздан бері мұра ретінде сақтап келеміз. «Қазақтану» оқуларында тіл үйренумен бірге салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың да терең мағынасы түсіндіріледі. «Мәміле» дегеніміз – келісім, бітім деген мағынаны білдіреді. Ассамблеямыздың жұмыстарының да негізгі мақсаты – қоғамдық келісім болғандықтан, мәміле, келісімдердің біз үшін маңызы өте зор», – дей келе, жиылған жұртты «Мәміле» клубының атқаратын бірқатар міндеттері мен мақсаттарымен таныстыра кетті.

Жиын барысында сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева да биылғы жылдан бастау алып отырған игі бастаманың мән-жайын көпшілікке ұғынықты етіп түсіндіріп берді.

– Сонау шағатай тілінен бері қазақ тіліне дейін тілдік қорымыз бай халықпыз. Қазақ тілі – сан жағынан әлем тілдері ішінде 70-ші орында, түркі тілдерінің арасында төртінші тұрған, ал тіл байлығы жағынан үшінші орынды алатын, түркілік болмысының сақталуы жағынан келгенде ең бірінші орында тұрған тіл болып табылады. Қазақ тілі арқылы ұлттық құндылықтар, ұлы мұраларды қайта жаңғыртуға болады. «Мәміле – өз халқының болашағын ойлайтын әрбір азаматтың көкейкесті арманы мен қазақ тілін үйрену арқылы Қазақстан жеріндегі бүкіл халықтың бірлігі мен берекесін арттыруға негізделген тың дүние. Аталған жоба еліміздің рухани құндылықтарын, ата-бабаларымыздың даналықтарын қазақ тілі арқылы насихаттау болып табылады, – деді Маржан Төреғұлқызы.

Клубтың ашылуына тілдің кәсіби оқытушылары, креативті және жарқын спикерлер де келіп қатысып, аталған жоба төңірегінде өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Шараның соңында «Мәміле» клубында өткізілетін қазақ тілінде сөйлеу өрнектері, ұлттық мақал-мәтелдер, фразеологизмдері тақырыптары тұрғысында түрлі мысалдар келтіріліп, сонымен бірге дәріске қатысушылардың сөйлеуге деген ынта-жігерін арттыру, қызықтыру мәселелері талқыланды. Ұйымшылдық, ынтымақтық сезімдерді ояту сабақтарының алғашқы дәрісі ойдағыдай қорытындыланды.