22 там, 2019 сағат 19:52

Магистратура емтиханына өзге біреуді кіргізбек болғандар оқуға түсе ала ма?

Магистратураға түсу емтиханына өз орнына біреуді кіргізбек болғандар келесі жылы қайта тапсыра алады ма? Бұл сұраққа Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұлов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Магистратураға өз орнына біреуді кіргізбек болғандарға келешекте қайта түсуге мүмкіндік бола ма? Қазіргі заңнамаға сәйкес, мүмкіндік болады. Бірақ мен ережеге өзгеріс енгізу керек деп санаймын. Себебі, кісі өз орнына басқа адамды жіберсе, келешекте жол бермеу керек деп санаймын», - деді Дидар Смағұлов бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бөгде адамды кіргізген үміткерге келешекте магистратураға тапсыру құқығы мүлде берілмеуі мүмкін.

«Бірақ, ол менің ойым. Ереже қалай қабылданатынын айта алмаймын», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Дидар Смағұлов осы жылдың 10-15 тамызы аралығында магистратураға түсу үшін өткізілген кешенді тестілеудің қорытындысын жариялаған болатын.

Оның айтуынша, 25 үміткер тестілеуге өз орнына басқа біреуді кіргізбек болған.