22 жел, 2022 сағат 18:03

Қостанай тұрғыны полицейлердің көзінше көлігін қиратқан

 Фото: Tengrinews.kz

Қостанай тұрғыны полицейлердің көзінше көлігінің терезелерін сындырып тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы Alau.kz сайтына сілтеме жасап.

Патрульдік полиция қызметкерлері ВАЗ көлігінің жүргізушісін айыппұл туралы хабарлама беру үшін тоқтатқан. Құқықбұзушы EkinPatrolG2 кешені көмегімен анықталған. Оның атында жол ережесін өрескел бұзғаны үшін екі айыппұл болған. Сонымен қатар, құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіде сақтандыру полисі болмаған.

"Тағы бір өрескел заңбұзушылық – сақтандыру полисінің жоқтығы, онсыз көлікті пайдалануға тыйым салынады, полицейлер көлікті мамандандырылған тұраққа қоятын болды. Алайда, жүргізуші әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың ресімделуіне теріс қылық көрсетіп, "маған мұндай көліктің қажеті жоқ" деп көлігінің әйнектерін сындырған", - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Тәртіп сақшылары ер адамның әрекетінен қоғамдық тәртіпті бұзу белгілерін көріп отыр, ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатыр.

Көлік арнайы тұраққа қойылған.