05 қар, 2024 сағат 11:08

Луврда 2026 жылы Қазақстанның ұлттық көрмесі өтеді

Фото: ашық дереккөз

Президенттің Францияға ресми сапары қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Лувр музейінің президент-директоры Лоранс де Кармен кездесу өткізді. 

Тараптар Қазақстан музейлері мен Лувр арасында бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады. 

Ынтымақтастық ғылыми-зерттеу, археологиялық зерттеулер, ғылыми материалдар жариялау және музей ісіндегі тәжірибе алмасу бағыттарын да қамтуы мүмкін.

«Бізді Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу бойынша бірлескен ғылыми жұмысқа қатысты ынтымақтастық қызықтырады. ҚР Ұлттық музейінің жанынан реставрация орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан Лувр музейінің ғылыми, кадрларды даярлау, көрмелер ұйымдастыру бойынша қолдауын алғымыз келеді», – деді Аида Балаева.


Министр қазақстандық мамандар үшін мастер-класстар мен тағылымдамалар ұйымдастыру кәсіби білім алмасу мен Қазақстанда музей ісін жетілдіруде маңызды қадам болатынын ерекше атап өтті.

«Біз ынтымақтастыққа, соның ішінде көрмелерді бірлесіп ұйымдастыруға да дайынбыз», – деді Лоранс де Кар.