17 мау, 2022 сағат 21:17

Лондон Джулиан Ассанжды АҚШ-қа беруді мақұлдады


Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Пател WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанжды АҚШ-қа экстрадициялауды мақұлдады. Ассанж АҚШ-та 175 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін, - деп хабарлайды Bloomberg.

WikiLeaks өкілдері британ билігінің шешіміне қарсы шағым түсіретіндерін мәлімдеген. Ал BBC агенттігінің хабарлауынша, Британ ІІМ Ассанжға өзін АҚШ-қа экстрадициялау туралы шешімге қарсы шағым түсіруіне екі апта мұрсат берілгенін айтқан.

Сәуірде Вестминстер магистрат соты Ассанжды АҚШ-қа экстрадициялауға рұқсат еткен. Оның алдында Лондон төбе соты Ассанжды АҚШ билігіне бермеу туралы бұрынғы сот шешімінің күшін жойған. Бұдан кейін осы мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдау Ұлыбритания ішкі істер министрлігі құзыретінде еді.

АҚШ-та Ассанжға барлығы 17 айып тағылған. Олардың арасында Ирак пен Ауғанстандағы әскери операциялар туралы құпия мәліметтерді жария ету де бар. Ондай деректердің жылыстауына себепкер негізгі адам – АҚШ әскери қызметкері Брэдли (Челси) Мэннинг, ал WikiLeaks өзіне түскен құжаттарды жариялап отырған.

Айыптау қорытындысында Ассанж "өзіне ақпарат бергендерді, солардың арасында Мэннингті де құпия ақпаратты ұрлауға және жария ету үшін WikiLeaks-ке беруге бірнеше рет итермелеген" деп жазылған.

Айыптау тарабы Ассанж әлгіндей ақпаратты жариялап, "құпия деректерді жеткізген адамдарды әшкереледі", солардың арасында АҚШ-пен әріптестік байланыс орнатқан Ауғанстан, Ирак, Қытай мен Иран азаматтарының "өмірі қыл үстінде қалуына" себеп болды дейді.

WikiLeaks өкілдері бұл айыптауларға жауап ретінде: "Бұл - ессіздік және журналистиканың да, Бірінші түзетудің де құрдымға кеткені" деп мәлімдеді. (АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуінде сөз бостандығы жайлы айтылған, онда "Конгресс сөз немесе баспасөз бостандығын шектейтін бір де бір заң шығармауы керек..." деп жазылған – ред.)

Ассанжға АҚШ-та тағылып отырған барлық айып бойынша жиынтығы 175 жылға жететін түрме жазасы қарастырылған деп жазады Financial Times басылымы.

Ал адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар - Amnesty International, Human Rights Watch және Reporters Without Border ("Шекарасыз тілшілер") Ассанжды экстрадициялауға қарсы шыққан.

Азаттық