Мұхтар Әуезовтің литва тілінде қайта басылып шыққан «Абай жолы» роман-эпопеясының және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» повесінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Бейнеконференция форматында өткен тұсаукесерге Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспа үйінің басшылығы, А. Мицкевич атындағы Вильнюс облыстық қоғамдық кітапханасының және Е. Симонайтите атындағы Клайпеда облыстық қоғамдық кітапханасының директорлары, Литва қауымдар үйі және Литва журналистер одағының төрағалары, Литваның ірі жоғары оқу орындарының, қазақ диаспорасының, сондай-ақ Литваның БАҚ өкілдері қатысты.
Тұсаукесерді ашқан Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев аталған екі шығарманы Қазақстан Ұлттық Академиялық кітапханасы елімізде жалпыға ортақ оқуға арналған жылдың бас кітаптары ретінде танылғанын баяндап өтті. Осыған орай, литвалық оқырмандар Абайдың бірегей әлемін және «Екінші ұстаз» Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасымен ана тілінде таныса алады.
Іс-шараға қатысушылар қазақстандық көркем әдебиеттің екі жауһары литвалық оқырмандардың қазақ халқының мәдениеті мен тарихы, оның жаны мен тағдыры туралы түсінігін кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
А.Мицкевич атындағы Вильнюс облыстық қоғамдық кітапханасының директоры Эмилия Банионите «Абай жолы» романының Литва тіліндегі жаңа басылымы биыл күзде аталған кітапханада ашылған Абай атындағы оқу залының інжу-маржаны болатынын атап өтті.
«Абай жолы» романының қайта басылып шығу тарихын еске ала отырып, литвалық баспагер Айдас Жандарис қазақстандық суретші Евгений Сидоркин әулетіне 1960 жылы романның алғашқы басылымына арнайы жасалған түпнұсқа иллюстрациясын кітапта қолдануға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
Екі кітап Литваның барлық облыстық және басқа да ірі кітапханаларына сыйға беріледі, олардың бірқатарында қазірдің өзінде қазақ әдебиетінің бұрышы қалыптасқан.
Сонымен қатар, 2021 жылы қазақ классиктері еңбектерінің кезекті тұсаукесері өңірдегі ең ірі, жыл сайынғы «Vilnius Book Fair» кітап көрмесінде жоспарланған.