15 нау, 2026 сағат 08:33

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша референдум басталды

Фото: Zakon.kz

Қазақстанда жаңа Ата Заң жобасын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум басталды, деп хабарлайды Ult.kz. Ел азаматтары бүгін өз таңдауларын жасап, конституциялық өзгерістерге қатысты дауыс береді.

Бюллетеньде бір ғана сұрақ бар

Бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сауал ұсынылған.

Дауыс берушілер екі нұсқаның бірін таңдайды:

  • «Иә, қабылдаймын»

  • «Жоқ, қабылдамаймын»

Бюллетеньдер қазақ және орыс тілдерінде басылған.

Айта кетейік, биыл 11 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия өкілдерін қабылдап, жаңа Конституция жобасын талқылаған. Осыдан кейін Президент 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойған.

«Тыныштық күні»: үгіт-насихатқа тыйым

14 наурызда референдум алдындағы «тыныштық күні» жарияланды. Заңға сәйкес, осы күннен бастап және дауыс беру күні – 15 наурызда кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, бұл кезеңде жаңа Конституция жобасын қолдайтын немесе қарсы материалдарды жариялауға болмайды. Сондай-ақ дауыс беру күні қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижелерін жариялауға да тыйым салынған. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ел бойынша 10 мыңнан астам учаске жұмыс істейді

Референдум күні дауыс беру учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Қазақстан бойынша барлығы 10 402 учаске ашылған.

Сонымен қатар шетелдегі қазақстандықтар үшін 54 елде 71 дауыс беру учаскесі ұйымдастырылған.

Комиссия мәліметіне сәйкес, елде 12 461 796 сайлаушы тіркелген. Осыған байланысты заң талаптарына сәйкес 12 586 414 бюллетень дайындалған.

Егер азамат өзінің тіркелген жерінен тыс жерде дауыс бергісі келсе, ол есептен шығару куәлігін алып, басқа учаскеде дауыс бере алады.

Кейбір елдердегі учаскелер уақытша жабылды

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың күрделенуіне және кейбір елдердегі қауіпсіздік мәселелеріне байланысты 10 мемлекеттегі 11 учаскенің жұмысы уақытша тоқтатылған. Олардың қатарында Иран, Израиль, Иордания, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопиядағы дипломатиялық өкілдіктер жанындағы учаскелер бар.

Халықаралық байқаушылар қатысады

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мәліметінше, референдумды бақылау үшін 38 елден 133 байқаушы және 11 халықаралық ұйымнан 226 өкіл аккредитациядан өткен. Жалпы саны – 359 халықаралық байқаушы.

Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.