23 қар, 2022 сағат 15:10

Ленин шахтасындағы жарылыс: күдіктілер қатарында "АрселорМиттал Теміртау" бас директоры бар


Қарағанды ​​облысы Шахтинск қаласы Ленин атындағы шахтада бес кеншінің өмірін қиған апатқа байланысты тергеу аяқталды. Комиссия мүшелері жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі барын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Арнайы тергеудің қорытындысын Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Ол Ленин атындағы шахтадағы апатқа метан мен көмір шаңының көп шоғырлануы себеп болғанын, соның салдарынан тұтану туындағанын атап өтті.

"Тергеу барысында көмір департаментінің, Ленин атындағы шахтаның инженерлік-техникалық қызметкерлері тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы анықталды. Шығарындылар қауіпті учаскенің болжау қызметінің штаты тау-кен шеберлерімен қамтылмаған, іс жүзінде 13 адам болған, ал есеп бойынша 25 адам болуы тиіс. Сондай-ақ, аэрогазбақылау қызметінің штаты да қамтылмаған. 16 электрослесарь болған, негізі 25 болуы керек", - деп атап өтті Юрий Ильин.

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы комиссия заң бұзушылыққа жол берген 26 адамды анықтағанын айтты. Олардың қатарында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бас директоры Бижу Наир мен Көмір департаментінің директоры Гельсон Батиста бар.

Арнайы тергеу материалдары полицияға тапсырылады. Соңғы процессуалдық шешім сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қабылданады, деп баса айтты министр.