«Отбасы банк» АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова баспана бағасы қымбаттап кеткен шақта үй іздеушілерге кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Екінші деңгейлі тұрғын үйлердің нарығы туралы сұраққа келер болсақ, баспана бағасы әрине, сатушының нарығына тәуелді. Баспана мәселесі қоғамда бірінші кезекке шыққаннан кейін әрине, үй сататын адамдар молырақ пайдаға кенеліп қалғысы келеді. Менің ойымша, аздап күте тұру керек. Уақыт өте келе нарық өзінің шынайы қалпына оралады. Сұраныс пен ұсыныстар ол үшін теңесуі керек. Меніңше, осы жылдың мамыры мен маусымы аралығында баға мәселесі өткен жылға ұқсас кезеңге оралуға тиіс», - деді Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Ол сонымен қатар, зейнетақы жинағының бір бөлігіне 45 күннің ішінде үй таба алмай қалатын азаматтарды сабыр сақтауға шақырды.
«Мұндай жағдайда 45 күнннен кейін қаражат жеке зейнетақы қорына қайтарылады. Ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ. Одан кейін де қайта өтінім жіберуге әбден болады», - деді ол.
Еске салсақ, жақында өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баспана бағасының шарықтауына тосқауыл қоюды тапсырған болатын.
2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды. Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.
23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды.