14 жел, 2020 сағат 08:32

Латыннегізді әліпби қазақ тілінің табиғи үнін қалпына келтіруі тиіс – Аяужан Таусоғарова

Өткен айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өтіп, ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпби жобасы таныстырылған болатын. Осыған орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аяужан Таусоғарованың қазақ тілін кирилицадан латын әліпбиіне ауыстыруға қатысты пікірін білген едік, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақ тілінің әліпбиіне байланысты реформа бірнеше жыл бойы қоғамда қызу талқыға түсіп келеді. Әліпбидің тілдік саясат, компьютерлік технология, лингвистикалық мәселелер шешімінде өзгерістерді қажет ететіні айтылып та жүр. Жалпы әліпбидің о баста пайда болуы тілдің дыбыстарын таңбалау міндетінен туған десек, оған аса ауыр жүк артылатынын да аңғарамыз. Өйткені әліпби сол ұлттық тілдің үнін, дыбыстық ерекшеліктерін, тұтас просодикасын толық бейнелей алатын дыбыстарды қамтуы керек. Латыннегізді әліпби осы үрдістен шығуы тиіс. Өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін қолданыста келе жатқан әліпбиде қазақ тіліне тән емес дыбыстар да енгізілген. Жалпы бұл әліпбиде орыс тіліне тән дыбыстар толық қамтылған», - деді филология ғылымдарының кандидаты. 

Сондықтан да болар ғалым қазақ-орыс қостілді тұлғалардың көпшілігінің ауызекі сөзінде қазақ тілі акценті байқалмайтынын айтады. 

«Керісінше, кейінгі уақытта қазақ тіл иеленушілерінің сөзінде орыс акценті байқалады деген пікірлер бар. Мысалы, белгілі өнертанушы, киносценарист Ерлан Төлеутайдың қазіргі қазақ киносының тілі туралы бір сұқбатында мынандай дерек алға тартылған: «Қазір бізде Қытайдан келгендерде қытай акценті, Өзбекстаннан келгендерде өзбек акценті, өзімізде орыс акценті бар, осы қалың акценттердің бәрі киноға келгенде қойыртпақ болады да, фильмнің атмосферасын бұзады. Жұпар аңқымайды». Киносценаристің пікіріне қарағанда, қазақтілді актер сөйлеуінде көрініс беретін түрлі өзге ұлт тілдеріне тән акценттерден қазақ тілінің табиғи үні, өзіндік акценті естілмейді, содан қазақ киносының тілі «жұпар аңқымайды». Ең бастысы, «тілдік тұлғаның өз ана тілінен басқа өзге тілде сөйлеуі кезінде сол тілдің дыбыстарын еріксіз бұрмалап айтуы» деп берілетін акцент анықтамасына қарама-қайшы тағы бір сипатты көреміз. Бұл – қазақтілді тұлғаның өз ана тілінде сөйлеген кезінде осы өз ана тілінің дыбыстау заңдылықтарын бұзып, өзге тілге тән екпін, үн ерекшелігін қосып, бұзып сөйлеу жағдайы», - деді ол.

Аяужан Таусоғарова «Мұның себебі неде?» деген заңдылықты сұрақ төңірегінде де өз пікірін білдіріп өтті. 

«Әрине, бірден бір жауап екі тілдің қатар өмір сүруі жағдайында олардың өзара әсері тұрғысынан анықталатын тілдік қатынастың жеке тұлға сөзіндегі көрінісі, салдары болып табылмақ. Негізінде бұл бірді-екілі тұлға сөзінде емес, жаппай сипатқа ие болып келе жатқаны да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Сонымен, соңғы жағдайдағы акцентті тек қана тілдік қатынас салдарымен ғана түсіндіруге болмайтын сияқты. Біздің ойымызша, бұл жағдай тікелей әліпбиге де қатысты. «Бір ұлттың әліпбиінде өзге тілге тән дыбыстардың қамтылуы түбінде сол тілдің өзіндік үнінің, табиғатының әлсіреуіне, халық тіліне тән акценттің жойылуына алып келуі мүмкін» деген болжам жасауымызға түрткі болып отыр. Жоғарыда аталған автордың мына сөзіне де назар аударайық: «Қазіргі қазақ киносының тілі «Құдай аясын» дейтін деңгейге жетті. Оның бірнеше факторлары бар. Солардың бірі – біздің сегіз әрпіміз, төл дыбыстарымыз және оны айта алмайтын ұрпақ көбейіп барады. Мәселен, екі актердің біреуінің «ң»-ға тілі келмейді». Автор қазақ тіліндегі «ң» дыбысын айта алмау жағдайының тұтас ұрпақ деңгейінде көрініс беріп отырғанын алға тартқан. Және мұны ақиқат жағдай екені басқа да көптеген мамандар тарапынан тұжырымдалып отыр. Сондықтан латыннегізді қазақ әліпбиіне байланысты фонетист-мамандардың өзге тілге тән дыбыстарды енгізбеу туралы ұсыныстарына қолдау білдіреміз», - деді ғалым. 

Оның атап өтуінше, кез келген тілдің адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыра отырып, сол уақытта басқа да қызметтерді атқаратыны, мысалы сөйлеушінің өз алдына қойған қандай да бір мақсатына жетуде әрекет құралы ретіндегі сипаты тіл білімі ғылымы саласында қарастырылып, анықталған. Бұдан бөлек тілдің, нақты айтқанда, тілге тән акценттің ұлтты сәйкестендірудегі және жеке тұлғаны ұлтпен сәйкестендірудегі маңызды белгі екенін де айтуға болады. 

«Бұған түрлі деректерді келтіре аламыз. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің баспасынан жарық көрген «Өнегелі өмір» сериялық кітабының 26-шығарылымында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің бұрынғы Сыртқы істер министрі, дипломат Михаил Иванович (Хакім Тілекұлы) Есенәлиевтің өз естелігінде айтылатын оның әкесінің: «Орысша таза сөйлеуге тілім де келеді, үнім де жетеді. Бірақ тыңдаушыға сөзім орысша болғанымен, сөлім қазақ екенін сездіргім келіп тұрады. Жат жерде, бөтен тілде сөйлей жүріп, бұл менің қазақша сөйлегенім, халқыммен тілдескенім, қалқам» (Михаил Есенәлиев: Өнегелі өмір. 26-шығ.) деген сөзінен адамның өз тіліне тән ерекше дыбыстық үнді сезетінін және оны ұлттық сәйкестігін танытатын белгі ретінде қолдануға тырысатынын байқаймыз. Бұл жерде әр тілдің дыбыстық жүйесіндегі тек сол тілге тән дыбыстардың және олардың айтылуы барысында үн ерекшеліктерінің тілдік тұлға өзге тілде сөйлеген кездегі көрінісі акцент ретінде анықталып жүр», - деді Аяужан Қайратқызы. 

Алайда ғалымның пайымынша, акцентке байланысты ғылыми және тұрмыстық түсініктер біркелкі емес. Оған берілетін анықтамалардың көпшілігі негізінен мына екі түрде топтасады: «Акцент (лат. accentus «екпін, интонация, дауыстың жоғарлауы» деген мағынадағы) — халықтың, тілдің айырықша белгісі», «тілдік тұлғаның өз ана тілінен басқа өзге тілде сөйлеуі кезінде сол тілдің дыбыстарын еріксіз бұрмалап айтуы», сонымен қатар «акцент» – сөйлеу ерекшелігі, бұл орайда анықталған тұлға сөйлеп тұрған тілдің оның ана тілі я өзге тіл екені маңызды емес. Яғни, барлық тұлғаға тән құбылыс». Мұның алғашқы екеуінде акцент тұтас ұлт тіліне тән ерекшелік ретінде қарастырылса, соңғысында акцент кез келген тұлғаның сөйлеу ерекшелігі деп көрсетіледі. Дегенмен «француз, орыс, өзбек тағы басқа тіл акцентімен сөйлеу» деген сөздерге қарағанда, басым жағдайда акцент «тілдік тұлға өзге тілде сөйлеген кезде оның дыбыстауында өз ана тіліне тән үннің көрініс беруі» болып саналады. Қалай болғанда да қайсыбір тілдің дыбыстары және олардың үйлесімі нәтижесінде қалыптасқан өзіне тән үні болатыны анық. 

«Бұл тұрғыда мынандай мәліметтерді алға тартуға болады: «10 жыл жапон тілін оқығаннан кейін тілдің мені баурап алатын аспектісі - бұл акцент. Бастапқыда бұл қорқынышты болып көрінгенімен, жоғары екпін - бұл жапон тілінің бай және қызықты құрамдас бөлігі және бұл туралы білу өте пайдалы болуы мүмкін». Жапон тілінің акценті тұрғысында айтылған бұл пікір де жоғарыда айтып өткеніміздей, әрбір тілдің өзіндік дыбыстық жүйесінің және оларды айту үнінің, өзара үйлесімінің болатынын көрсетеді. Сонымен қатар оның әліпби жүйесіне өзге тіл дыбыстарының енуі оның өзіндік бірегейлігі мен табиғилығына нұқсан келтіреді. Қандай да бір тілдің табиғи үнінің сақталып қалуында және тұлғаның өзін қайсыбір ұлтпен сәйкестендіруі арқылы жалпы ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда сол тілге тән дыбыстарды нақты әрі толық бейнелей алуы арқылы аса маңызды болып табылатын әліпбидің тілді үйренуге деген қызығушылықтың артуына, яғни қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметтері мен мәртебесінің кеңеюіне де жанама түрдегі ықпалдастығын көреміз. Ол – аса сауатты құрылған латыннегізді әліпбидің қазақ тілінің табиғи үнін қалпына келтіріп, қазақтілді я Қазақстан аумағында өмір сүрген тілдік тұлғаның өзге тілдегі сөзінде қазақша акценттің көрініс беру мүмкіндігіне ие болуы», - деді ғалым.