Қызылордада 17 жастағы жасөспірім суға тұншыққаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оны әділет полковнигі құтқарып үлгерген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еуразия арнасының хабарлауынша, Әділет полковнигі өле жаздаған 17 жастағы жасөспірімді аман алып қалды. Кәмелетке толмаған жігіт терең бассейнге секіріп, сүңгімек болып, суға тұншыққан.
Төлеген Төрехан батқан бассейнде полицей Шаймерден Есенкелдиев те демалып жатқан. Ол отбасымен үйге қайтуға дайындалып жатқанда, кенеттен әйелдердің айғайлаған дауысын естіді.
"Бассейннің түбінде батып жатқан баланы көрдім. Тереңдігі – 3 метр. Ештеңе ойламай, суға секірдім. Оны сүйреп шығарып, өкпесінен суды шығарып бастадым", – деді Қызылорда облыстық қылмыстық жүйесі департаментінің жетекшісі Шаймерден Есенкелдиев.
Жасөспірім тыныс алмаған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сонда ғана ояныпты. Төлеген ауруханаға жеткізілді. Үш күн реанимациядан жатып, ем алды. Ол суға секіріп, өзін сынамақ болғанын айтады.
"Секірсем, қорқынышымды жеңемін деп ойладым. Жүзе алмаймын ғой. Нәтижесін көрдіңіздер", – деді қызылордалық жасөспірім Төлеген Төрехан.
Төлегеннің анасы Айжан Қаржаубайқызы ұлының басынан өткен жағдайға әлі сене алмай жүр. Ұлы бассейнге досымен барған. Бұл жүзуге қауіпсіз орын сияқты көрінген. Өйткені мұнда құтқарушылар жұмыс істейді.
"Баламыз аман-сау, қазір қасымызда. Бұл – біз үшін бақыт. Аналық жүрегім алғысқа толы. Баламды құтқарған жанды өмірімнің соңына дейін ұмытпаймын. Қорғаушы періштемізге және оның жақындарына бар жақсылықты тілеймін", – деді Төлегеннің анасы Айжан Қаржаубайқызы.
"Қиналған жанға көмектесу кез келген қарапайым адамның міндеті деп ойлаймын. Төлегенмен үнемі хабарда болып, тойын жасап, әскерге жібереміз деп сенемін. Ол қазірдің өзінде қоңырау шалып, хал-жағдайымызды сұрайды”, – деді Шаймерден Есенкелдиев.
Шаймерден Есенкелдиев жұбайымен сегіз бала, яғни төрт қыз бен төрт ұл тәрбиелеп отыр. Айтуынша, Төлеген оның тоғызыншы баласы сияқты.