Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетсек, Ысқақов 2020 жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласы №2 сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылға сотталған.
Сондай-ақ, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленген. Жаза өтеу мерзімі 2020 жылдан бастап есептелген.
«Үкім Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылды, Ал ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен жаза тағайындау бөлігі өзгертілді. Бас бостандығынан айыру жаза мерзімі 6 жыл мерзімге дейін төмендетілді. Қуанышбек Ысқақов соттан жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен, яғни айыппұл түріне немесе бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды сұраған. Сотта ЗК-169/5 мекемесі РММ-нің өкілі сотталғанға берілген мінездемені қуаттап, жазасын өтеу барысында белгіленген ішкі күн тәртібі ережелерін және режим талаптарын бұзушылығы болмағанын атап өтті. Оған қоса екі көтермелеу шарасы қолданылғанын, жазалау шарасы жоқ екенін, жеңілдетілген жағдайда ұсталатынын, дәрежесі екінші оң мінез-құлықты деп айқындалғанын мәлімдеді», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының №2 сотынан.
Ведомство мәліметінше, сот үкімі бойынша, талап арыз негізінде өндірілген қылмыспен келтірілген мүліктік залал, мемлекет пайдасына мемлекеттік баж шығыны, мемлекет пайдасына процестік шығын, өтемақы қоры толық өтелгенін, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбағаны көрсетілген.
Жәбірленуші өкілі жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтінішхатына қарсы емес екендігін білдірді.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабы 1-бөлігіне сай онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Осы негізбен сотталған Қуанышбек Ысқақовтың жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтінішхаты қанағаттандырылды. Жазасының өтелмеген бөлігі (3 жыл 11 ай 12 күн) мерзімі, жазаның қосымша түрін өтеуден босатусыз, жазаның неғұрлым жеңіл түрі бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырылды», - деп толықтырды Қызылорда қаласының №2 соты.