Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысы әкімінің екі жаңа орынбасары тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәліұлы Ахмет аймақтың ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік жасап, облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
1961 жылы дүниеге келген Серік Әбжәліұлы Қарағанды мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы Жезқазған облысындағы «Октябрдің 40 жылдығы» атындағы кеңшардың қарапайым жұмысшысы ретінде бастаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, Мемлекеттік хатшы хатшылығының меңгерушісі және Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Бүгінгі күнге дейін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Жүсіпұлы Сүлейменов 1966 жылы дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін математика және заңтану мамандықтары бойынша бітірген. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде және квазимемлекеттік секторларда қызметтер атқарған.Соңғы жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2019 жылдың сәуір айынан бастап осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы лауазымында қызмет атқарып келді.
Серік Жүсіпұлы құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.
28 наурызда Қызылорда облыс әкімі қызметіне Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалған болатын.