11 ақп, 2025 сағат 11:43

Қызығы мен шыжығы мол таксиші әйел қызметі


Фото: Айжан Алхабек

Жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы Ult.kz-те.

Мобильді өмір сүретін үлкен қалаларда такси қызметі белсенді қолданылады. Бұрын таксист түсінігі тек ер атаулымен байланыстырылса, соңғы жылдары  бұл  қызметтен такси жүргізетін қыз-келіншектерді де жиі байқап жүрміз. Біреуіміз  такси жүргізу  әйел адамға лайық емес, ауыр қызмет түрі деп санасақ ,енді біреуіміз үшін  бұл қалыпты табыс көзі. Шын мәнінде такси жүргізу қызметі  әйел баласы үшін қаншалықты ауыр? Мұндай қызмет арқылы табыс табу  шешіміне не түрткі болды? Қандай артықшылықтары мен кем тұстары бар? Оны таксист қыз-келіншектердің өздерінен сұрауды жөн көрдім. 

«Әйел адам екенін көргенде таң қалады»

Маған сұхбат берген алғашқы кейіпкер Алматы қаласының тұрғыны Нарғыз таксист болу шешіміне жұмыссыздықтан келіпті. Ол нәзік жандылардың мұндай жұмыс істеуі қоғамда өзгеше қабылданатынын айтады.

«Тұрақты шығып тұрсаң айына 300 мыңнан жоғары табуға болады. Көп жағдайда тапсырыс бойынша келіп тұрған әйел адам  екенін көргенде таң қалады. Кейін әйел адамы да, ер адамы да  орынсыз, артық сұрақтарын жаудыртады», -дейді сұхбаттасым.


Ал Елорда көшелерінде такси көлігін айдап, жүйіткіп жүрген Сандуғаш басында көлігін несиеге алыпты.

«Айлығым несиені жабуға кететін еді. Ойлана келе сол көлікпен таксист ретінде қосымша табыс тапқым келді», -деп ол шешім тапқанын қуана жеткізді.


Сандуғашты жұрт таксист ретінде қалай қабылдағанын әңгімелеп берді:

«Басында ер адамдар  сенімді  түрде көлікке отыратын да, жүргізуші қыз баласы екенін көргенде бірден «ременьдерін» тағып, жолда жан жағына қарап, жүргізушіге күмән танытады. Ал әйел адамдар болса бірден өздерін еркін сезіне бастайды. Әсіресе түнгі уақытта мінген қыздар менің өздеріндей қыз баласы екенімді көріп қуанып кетеді», -дейді ол.


 «Жалпы таксист қызметі менің жүргізушілік мәнерімді дамытты» деп мақтанған кейіпкер такси жүргізу мықты тәжірибе болғанын айтып отыр.

«Қазір кез келген жерден орын тауып, кез келген жерде қиналмай жүре беремін. Үлкен минусы - денсаулығым сыр бере бастады. Күндіз негізгі қызметте, одан кейін көлікте отырып 6-8 сағат жұмыс істеу белімдегі грыжаға алып келді», -дейді Сандуғаш. 


Фото: Айжан Алхабек

«Таксистер не үшін жолаушылармен әңгімелескісі келетінін түсіндім»

Шымкенттік Әйгерім такси жүргізушісі болудың артықшылығын жеткізді.

«Таксист қызметінің артықшылығы қалаған кезіңде шығасың. Ешкім саған бастық емес. Жалпы күніне 8-10 мың теңге табуға болады. Тек тәуір көлігің болғаны жөн. Әйтпесе көлігің тозып кетеді. Тапқаныңа тұрмайды.  Бұл қызметте жүріп, таксистердің не үшін жолаушылармен әңгіме айтқысы келетінін жақсы түсіндім. Кейде алыс жерге тапсырыстар түседі. Сондайда ішім пысып кететін, әрі радиодан да жөнді ән шықпай қалады. Жанымдағы адаммен әңгіме айтқым келеді. Түрлі жағдайлар болады. Әсіресе кешкі уақытта. Қыздар мінсе еркін отыра беремін. Ер адамдар мас болып мінсе қорқатыным бар. Ал жалпы көбірек алғыс аламын. Әсіресе әйел адамдардан, үлкендерден», -деп Әйгерім ағынан жарылды. 


Әйгерімге таксист болу бостандық сыйласа, Астана қаласының тұрғыны Арна такси жүргізушілікке амалсыздан, жұмыссыздықтан шықтым деп отыр.

«Мұқтаждықтан. Жалғызбасты анамын. Кішкентай қызымды үйде қалдырып басқа жұмысқа шығу - қауіп. Ал таксиде ыңғайсыз болса да бірге алып шығамын. Адам мінерде жағдайды айтып, қысқаша ескертемін. Таксиге мінуден бас тартқан, маған ұрысқан адам болған жоқ. Әдетте қызым ұйықтап жатады. Өзі тыныш бала. Қатты мазасызданып жатса тапсырыс қабылдамай қоямын. Бірде баласын үйірмеге таксимен жіберетін келіншекпен таныстым. Мені көріп қуанып, телефон нөмірімді алып баласын тұрақты түрде менің жеткізуімді өтінді. Таксиден тапқанымыз көліктің арендасын жауып, пәтерге  уақытылы төлеуге жетеді. Бастысы қызым өзімнің жанымда, жүрегім тыныш», -дейді жас ана. 


Пайым

Байқағанымыздай әйел таксистке қоғамда сенім көбірек. Біріншіден әлемде ер адамдарға қарағанда әйел адамдар жасаған жол апаты көрсеткіші әлдеқайда төмен. Себебі мамандардың сөзінше ер адамдар тәуекелге оңай барады. Олардың агрессивті  маневрлері үлкен жол апаттарына әкеліп жатады. Ал әйел адам жасаған жол-көлік оқиғасы көп жағдайда олардың тым сақтығынан болатын адам өміріне қауіп төндірмейтін шағын соқтығысулар ғана.

Одан бөлек  халықтың оларға  көбірек сенуіне итермелейтін негізгі себеп - әйел баласы жолаушыға қиянат жасай қоймайды деген нақ түсініктің орнауы. Әйел баласында  ер адамдарға қарағанда  эмпатия басым болғандықтан,  ол тек жол қозғалысына ғана емес, көлікке мінген үлкен-кішіге де мұқият.  Олар көлікке жалғыз мінген нәзік жандылардың,  баласын таксимен бір өзін жіберетін ата-ананың да уайымын  бір адамдай жақсы түсінеді. Дәл осы себептен қоғамда әйел таксистің абыройы артып келеді. Нәзік жанды жүргізушілерге сенім де, сұраныс та жоғары екені қуантады. 

Алайда әйел баласы мұқтаждықтан  кішкентай сәбиімен бірге жолға шығатын, өзінің  денсаулығына зиян келетіндей  мөлшерден тыс тапсырыс алатын, жолаушы ер адамдардан қорқатын жағдайлар болмаса игі. Қыз - болашақ ана, ана - ел болашағы. Сол себепті оның көлігіне мінген әр жолаушы тарапынан сыйластыққа,  тең қатынас пен қауіпсіз еңбек жағдайына құқылы екенін естен шығармайық. 


Динара Болат