Қазақстанда 16 мен 23 жас аралығындағы қыздарға арналған IT саласын тегін үйрететін «Tech girls» бағдарламасы іске қосылды. Оны ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, «Astana Hub» халықаралық технопаркі және "Techno Women" коммерциялық емес ұйымымен бірлесіп жасап отыр деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Бұл жас қыздардың Ақпараттық технологиялар саласындағы әлеуетін ашуға мүмкіндік» деп отыр ұйымдастырушы мамандар Орталық Коммуникация Қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бағдарлама аясында IT мамандығын тегін үйренем деушілер өтінімдерін осы жылдың 7 ақпанынан 1 наурызына дейін бере алады екен.
«Technowomen» ұйымының миссиясы - цифрлық әлемде қыздар мен әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашу. Біздің мақсатымыз нақты: Біз технологиялық салалардағы әйелдер санын 45% -ға дейін арттырғымыз келеді. Сондықтан біздің ұйым «Tech Girls» бағдарламасына тәлімгерлік қолдау көрсетеді және қыздарды кәсіптік бағдарлауда, сондай-ақ олардың цифрлық құзыреттерін арттыруда еріп жүретін болады", - дейді «TechnoWomen» КЕҰ басқарма төрағасы Әзиза Шужеева.
Екі айға созылатын «Tech Girls» бағдарламасы елдің барлық аймақтарынан келген 3000-нан астам қыздарға no Code, Low Code және Beta Career бағыттары бойынша тегін оқытпақ. Білім беру вебинарлар, воркшоптар, тікелей эфирлер, сондай-ақ «Techno Women» және «Astana Hub» сарапшылары мен тәлімгерлерімен сессиялар арқылы жүзеге асады екен. Оқу кезінде қатысушылар өздерінің IT-өнімін құруға және жетекші IT-компанияларда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
Бағдарлама туралы білу үшін 2222 қысқа нөмірі бойынша хабарласуға болады.