Фото: ашық дереккөз
Қыркүйек айында Қазақстанда әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген атқарушы продюсерлік ететін ауқымды музыкалық реалити-шоудың түсірілімі басталады. Жоба Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ult.kz.
210 миллионнан астам көрермені бар Hunan TV мен Mango TV платформасы арқылы көрсетілетін бағдарлама Қазақстанның 6 туристік өңірінде түсіріледі.
Димаш араға он жыл салып, алғаш рет өзін әлемге танытқан қытайлық телеарнаның эфиріне қайта оралады. Бұған дейін ол Hunan TV-дағы Singer жобасы арқылы халықаралық деңгейде танылған болатын. Бұл жолы әнші жаңа қырынан – жоба бастамашысы әрі продюсер ретінде көрінеді.
«Бұл жоба Қазақстан мен Қытайдың мәдени ынтымақтастығының жаңа белесі болмақ. Маған еліміздің музыкасын, табиғатын, қонақжайлығын әлемге таныстыру маңызды. Біз әртүрлі елдің өнерпаздарын біріктіріп, өнердің шекарасыз екенін тағы дәлелдейміз», – деді Димаш Құдайберген.
Бағдарламаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген әншілер қатысады. Олар еліміздің көрікті өңірлерін аралап, шығармашылық теміржол сапарына шығады.
Түсірілім Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында өтеді. Финалдық кезең елордада ұйымдастырылады. Негізгі локациялар қатарында Шарын шатқалы, Бозжыра шатқалы және ұлттық парктер бар.
Жобаның премьерасы келесі жылы Hunan TV арнасында және Mango TV платформасында көрсетіледі. Сондай-ақ, Қазақстанның да бір телеарнасынан эфирге шығуы жоспарланған.
Бұл бастамаға Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, жергілікті әкімдіктер мен Kazakh Tourism компаниясы қолдау көрсетуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, шетелдік туристерді тарту – басты міндеттердің бірі. Димаштың жаңа жобасы осы мақсатқа қызмет етіп, Қазақстанның туристік тартымдылығын әлемдік аренада танытуға жол ашады.
