19 қыр, 2022 сағат 12:16

Қытай басып кірсе, АҚШ Тайваньды қорғайды - Байден

Фото: defense.gov

Джо Байден Тайваньға Қытай шабуыл жасаған жағдайда, АҚШ қорғайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Джо Байден CBS арнасындағы "60 минут" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Қытай Тайваньға басып кірген жағдайда АҚШ қорғай ма деген сұраққа Байден: "Иә, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған шабуыл болса", - деп жауап берді.

Ол АҚШ Қытайдың саясатын қолдап, Тайваньның тәуелсіздігін қолдамайтынын ескертті.

"Біз Тайвань аралымен жақсы ынтымақтастықта болсақ та, Қытайдан тәуелсіздік алуға шақырмаймыз", - деді америкалық көшбасшы.

Мамыр айында Байденге Қытай Тайваньға басып кірсе, АҚШ әскери әрекеттерге араласа ма деп сұраған болатын.

"Иә... Бұл біз қабылдаған міндеттеме", - деп жауап берді ол.

Ақ үй де АҚШ-тың Тайваньға қатысты саясаты өзгермегенін айтып, бұл мәлімдемеден тез бас тартты.