Қырғызстанның Баткен облысындағы шекаралық аумақта 20-дан астам адам Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитетінің қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КАБАР агенттігіне сілтеме жасап.
Мәлім етілгендей, ҰҚМК мемлекеттік шекара арқылы контрабандалық жүктерді анықтау және жолын кесу бойынша Баткен облысында тиісті шараларды жалғастыруда. Бұл облыс арқылы заңсыз жүк тасымалының ең қарқынды маршруты өтеді. Қырғызстан азаматтары – шекара маңындағы елді мекен тұрғындары бұған жаппай наразылық білдіруде. Тұрғындар контрабандалық жүктің тоқтаусыз ағынына шағымданып, мемлекеттік органдарды «әрекетсіз отыр» деп айыптауда.
ҚР Қылмыстық кодексінің «Шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша тіркелген сотқа дейінгі іс аясында бүгін, 11 наурыз күні ҰҚМК органдары Баткен ауданының Самарқандық ауылында шұғыл-тергеу іс-шарасын өткізген. Алайда Қырғызстан азаматы Маширап Абдусаламов бастаған 20-дан астам адам контрабандалық жүкті ұстауға кедергі келтіру мақсатында ҰҚМК қызметкерлеріне атыс қаруын пайдалана отырып қарсылық көрсеткен.
«Осылайша, қылмысты процессуалдық құжаттауға кедергі келтіру мақсатымен контрабандашылар тобының ҰҚМК қызметкерлерімен жаппай қақтығысы жасалмақ болды.
Алты үлкен жүк көлігінің екеуі шекараның келесі бетіне өтіп кете алды. Олардың мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ.
Араңдатудың салдарынан ҰҚМК-нің екі қызметкеріне дене жарақаты келтірілді.
Қазіргі уақытта қақтығысқа қатысқандар ұсталды. Оқиға орнында ішкі істер органдарымен бірлескен шұғыл-тергеу тобы жұмыс істеуде.
Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитет аталмыш факті бойынша жасалған қылмыстың барлық мән-жайын және қатысушыларын анықтау бойынша шұғыл-тергеу іс-шараларын жалғастыруда», - деп жазады Кабар агенттігі.